Алматыдағы денсаулық сақтау ұйымдарының басы дауға қалды. 19 сәуірден бастап қаладағы 24 мемлекеттік аурухана мен емхана бір апта ішінде Нью-Йорк қаласына сапарға шығатын болған. Әр ұйым бұл іссапарға 6 миллион теңгеге дейін жұмсайтыны белгілі болды. Кейбір мекемелердің шығыны сәл төмен болғанымен, жалпы сома қомақты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы желіде Юлия Блажнова жазды.
Бұл ақпарат ашық дереккөздерде қолжетімді. Айта кетерлігі, Алматының денсаулық сақтау ұйымдары шетелге бұған дейін де барып жүрген. Бірақ 2024 жылдан бастап сапарлардың құны екі есеге қымбаттаған. Сонымен қатар, таңдалған қалалар мен іссапар бағдарламалары көп күмән тудыруда.
Мәселен, 2024 жылдың күзінде Лос-Анджелес қаласына ұйымдастырылған сапардың мазмұны мен құндылығы қоғамда резонанс тудырған.
Ең сорақысы – мұндай сапарлар мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізбей, әрдайым бір ғана жеткізушімен тікелей келісімшарт арқылы рәсімделіп келеді.
Мемлекеттік сатып алулар порталындағы ресми ақпаратқа сәйкес, тек бір ғана денсаулық сақтау ұйымы 2024–2025 жылдары осы жеткізушімен 166 млн 620 мың теңгеге тікелей келісімшарт жасаған. Бұл тек бір мекеме ғана. Ал жалпы көлемін кез келген адам порталда қарап, көз жеткізе алады, делінген хабарламада.
Сапарлар кезінде әрбір делегацияны Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бір қызметкері ілесіп жүреді. Бұл деректі басқарманың өзі растаған. Осыған байланысты қоғамда:
— Неге Денсаулық сақтау басқармасы 2024 жылдан бері бюджетті үнемдеуді тоқтатты?
— Неге сапа мен конкурс талабын елемейді? деген сұрақтар туындауда.
Британдық Global Conferences компаниясы Алматыға Лондон қаласына арналған біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұсынып көрген. Оның бірі – ұйым басшыларына, екіншісі – Ана мен бала денсаулығы бағытында. Бағасы – 2 млн 850 мың теңге. Алайда Денсаулық сақтау басқармасы бұл ұсыныстарды қарамай, сол баяғы 6 миллиондық бағдарламаларды таңдауды жалғастырған.
Компания бұл туралы ресми сауал да жолдаған. Алайда 10 күн өтсе де, жауап берілмеген.