«Бір баланы алып кетті»: Ресейдегі қазақстандықтар шұғыл көмек сұрады

«Бір баланы алып кетті»: Ресейдегі қазақстандықтар шұғыл көмек сұрады
Tiek.kz

Ресейге жұмыс істеуге барған қазақстандық жастардың Украинадағы соғысқа жіберілу қаупі туралы жаңа видеоүндеуі тарады, онда азаматтар шұғыл көмек сұрап, Сыртқы істер министрлігіне және Қазақстан билігіне жүгінді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әлеуметтік желіде тараған видеода өзін Алмаз Қайсар деп таныстырған қазақстандық азамат Ресейдегі полигонда жүргенін айтып, көмек сұраған. Оның сөзінше, қазір жанында шамамен тоғыз қазақстандық бар. Ол оларды соғыс аймағына жіберуге дайындық жүріп жатқанын және топтағы бір азаматтың алып кеткенін мәлімдеді.

«Үш-ақ күн уақытымыз қалды. Қазақстан халқынан, Президентінен, ҰҚК төрағасынан, Сыртқы істер министрінен көмек сұраймыз. Соғысқа жібере бастады. Бір бала кетіп қалды. Бізге Қазақстанға үш күн көп болса, біз үшін өте аз уақыт. Бізді алып кетіңіздерші», – деді ол видеоүндеуінде.

Алмаз Қайсардың айтуынша, жастардың бір бөлігі Ресейге жұмыс істеу үшін барған. Алайда кейін олардың әскери сипаттағы құжаттарға қол қоюына қатысты мәселе туындаған. Қазіргі таңда олардың нақты қандай жағдайда Ресей аумағында жүргені және қандай құжаттарға қол қойғаны туралы барлық дерек ресми түрде жарияланған жоқ.

Бұл оқиға бұған дейін де көтерілген. Қыркүйек айының соңында Шымкент тұрғыны Сымбат Келдібек інісі Айнабектің Ресейге күзетші болып жұмыс істеуге кеткенін, кейін Украинадағы соғыс аймағына жіберілгенін айтып, көмек сұраған. Оның мәліметінше, 2006 жылы туған Айнабек маусым айында Алматыдағы Ұлттық ұлан қатарындағы әскери қызметін аяқтап, 27 тамызда досымен бірге Ресейге жұмыс істеуге кеткен.

Кейін Ресейде жүрген басқа қазақстандықтардың да осындай жағдайға тап болғаны туралы видеолар тарады. Кейбір азаматтар жұмысқа шақырылғанын, алайда кейін әскери сипаттағы құжаттарға қол қоюға мәжбүр болғанын мәлімдеді. Бұл мәліметтердің бір бөлігі азаматтардың және олардың туыстарының мәлімдемесіне негізделген және әзірге толық тәуелсіз расталған жоқ.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жағдайды бақылауға алған. 2 қазанда ведомство азаматтардың Ресейден елге қайтарылуына қатысты Ресей тарапымен консультациялар жүргізіліп жатқанын хабарлады. МИД мәліметінше, кейбір отбасылар министрлікке ресми өтініш берген.

Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Ведомство азаматтар туралы ақпаратты әлеуметтік желілерден емес, олардың өздерінен немесе туыстарынан тікелей алудың маңызды екенін айтты.

Осыған байланысты МИД қазақстандықтардың аты-жөні, туған күні, болжамды орналасқан жері және Ресейдегі еңбек шартының талаптары туралы толық ақпарат беруді сұрады. Азаматтардың туыстары үшін арнайы жедел желілер де жұмыс істеп тұр.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ресейдің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілімен кездескен. Ал Қазақстанның Ресейдегі елшісіне Ресейдің Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктерінің өкілдерімен кездесулер өткізу тапсырылған. Мақсат – қазақстандықтарды елге қайтару бойынша бірлескен шараларды пысықтау.

6 қазанда жағдай бойынша МИД жаңа мәлімет беруге әзірге дайын емес екенін мәлімдеді.

«Әзірге тек осындай түсініктеме бере аламыз. Жұмыс жалғасып жатыр, жаңа ақпаратты қосымша хабарлаймыз», – деді министрлік.

Осылайша, Ресейде жүрген қазақстандықтарды елге қайтару мәселесі бойынша келіссөздер жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта олардың барлығы Қазақстанға қайтарылды немесе соғыс аймағына жіберілді деген ресми ақпарат жоқ.