ҚР Оқу-ағарту министрлігі Қоғамдық кеңесі төралқасының мүшесі, білім саласының сарапшысы Өмір Шыныбекұлы Президент Әкімшілігінің басшылығына ашық хат жолдап, Оқу-ағарту министрлігіндегі жағдайды мемлекеттік басқару тұрғысынан қарастыруға шақырды. Ол білім беру жүйесіндегі бес негізгі мәселені атап, министрлікке кешенді тексеру жүргізу туралы ұсыныс айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өмір Шыныбекұлының айтуынша, қазіргі таңда Оқу-ағарту министрлігінде қалыптасқан жағдай мемлекеттік аппараттың басқарылуы мен институционалдық тұрақтылығына әсер ететін маңызды мәселеге айналған.
“Бүгінде мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасы қалыптасып, Президент Әкімшілігінің стратегиялық үйлестіруші әрі бақылаушы рөлі күшейіп отырған кезеңде Оқу-ағарту министрлігінде орын алған ашық ішкі қақтығыс жеке кадрлық дау шеңберінен әлдеқайда асып түсті. Бұл жағдай мемлекеттік аппараттың басқарылуы мен институционалдық тұрақтылығын сынайтын маңызды сынаққа айналып отыр”, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, аталған жағдайға уақытылы әрі объективті саяси-құқықтық баға берілмесе, бірқатар қауіп туындауы мүмкін. Атап айтқанда, мемлекеттік басқарудағы тәртіп пен жауапкершілік қағидаттарының әлсіреуі, басқа мемлекеттік органдарда да министрлер мен ведомство басшыларына қысым көрсету тәжірибесінің қалыптасуы және білім беру жүйесіндегі дағдарыстың қоғамдағы сенімге кері әсер ету қаупі бар.
Осыған байланысты ол қазіргі жағдайды жекелеген тұлғалар арасындағы жанжал ретінде емес, білім беру жүйесін бюрократиялық кедергілерден арылтып, басқару сапасын арттыруға мүмкіндік беретін жүйелі реформалардың бастау нүктесі ретінде қарастыру қажет екенін айтты.
Сонымен қатар Өмір Шыныбекұлы мемлекеттік басқару нақты нәтижеге бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
“Қазіргі таңда мемлекеттік басқарудың жаңа қағидаттары бір орталықтан басқару, жеке жауапкершілік және нақты нәтижеге бағытталу талаптарына сүйенеді. Сондықтан кез келген мемлекеттік органның негізгі өлшемі – тиімді басқарылуы және қойылған міндеттердің сапалы орындалуы болуы тиіс”, – деді ол.
Ашық хатында сарапшы Оқу-ағарту министрлігіндегі бес негізгі жүйелі мәселеге тоқталды.
Бірінші мәселе ретінде ол басқарушылық мәдениетті атады. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің өз басшылығына қарсы жария түрде шығуы мемлекеттік қызметтегі субординация, жауапкершілік және басқару мәдениетіне қатысты сұрақтар туындатады.
Екінші мәселе – білім беру реформаларының бірізділігінің болмауы. Сарапшы кейінгі жылдары көптеген жоба жүзеге асырылғанымен, олардың нәтижелері толық сараланбай жатып жаңа өзгерістер енгізіліп жатқанын айтты. Оның пікірінше, мұндай жағдай педагогтер мен мектептерге қосымша қиындықтар туғызады.
“Білім беру жүйесі тұрақты өзгерістер алаңы емес, ғылыми талдауға, тәжірибеге және ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегияға негізделген тұрақты жүйе болуы қажет”, – деді Өмір Шыныбекұлы.
Үшінші мәселе ретінде ол мемлекеттік қаражаттың тиімді пайдаланылуына назар аударды. Сарапшы бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінетін білім беру жобаларының тиімділігіне тәуелсіз әрі ашық бағалау жүргізілуі қажет екенін айтты.
Атап айтқанда, қоғамда кеңінен талқыланған “Мақсатты мектеп” жобасының жоспарлануы, іске асырылуы, қаржылық тиімділігі мен нақты нәтижелері толық сарапталуы тиіс деп есептейді.
“Егер қандай да бір мемлекеттік жоба күтілген нәтижеге қол жеткізбесе, оны әзірлеу, басқару және бақылау кезеңдеріне жауапты тұлғалардың басқарушылық жауапкершілігі заң аясында қаралуы тиіс”, – деді ол.
Төртінші мәселе ретінде кадрлық саясатқа тоқталған сарапшы білім беру жүйесін осы саланы терең білетін кәсіби мамандар басқаруы қажет екенін айтты. Оның сөзінше, соңғы жылдары білім саласына тікелей қатысы жоқ, мектепте практикалық тәжірибесі қалыптаспаған мамандардың көбеюі қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр.
Ол білім саясатын қалыптастыратын басшылардың педагогикалық білімі, мектеп тәжірибесі, салалық құзыреттілігі және нақты басқарушылық нәтижесі болуы маңызды екенін атап өтті.
Бесінші мәселе ретінде министрліктің басқару жүйесін атаған Өмір Шыныбекұлы қазіргі жағдай жекелеген адамдар арасындағы келіспеушіліктен бұрын, ескі бюрократиялық басқару тәсілі мен мемлекеттік басқарудың жаңа талаптарының арасындағы қайшылықты көрсететінін жеткізді.
Сондай-ақ министрлікке қарасты көптеген ведомстволық ұйымдар мен құрылымдардың функцияларын қайта қарап, негізгі назарды басқару аппаратын ұлғайтуға емес, білім сапасын арттыруға аудару қажеттігін айтты.
Ашық хатта сарапшы Президент Әкімшілігінің бақылауымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен Оқу-ағарту министрлігіне кешенді қызметтік тексеру жүргізуді ұсынды.
Оның пікірінше, тексеру барысында жарияланған шағымдардың құқықтық және этикалық негізділігі, ықтимал мүдделер қақтығысы, министрлік қызметінің Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағыттарға сәйкестігі, ірі білім беру жобаларының тиімділігі және басқарушылық шешімдердің нәтижелілігі жан-жақты бағалануы тиіс.
Бұдан бөлек, Өмір Шыныбекұлы министрлік пен оған қарасты ұйымдардың функцияларына толық аудит жүргізуді, қайталанатын және артық құрылымдарды оңтайландыруды, министрлікті мемлекеттік саясат қалыптастыратын ықшам әрі тиімді стратегиялық органға айналдыруды, білім беру жүйесін басқаруға мектеп тәжірибесі бар кәсіби мамандарды кеңінен тартуды және реформалардың сабақтастығын қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді ұлттық стратегия әзірлеуді ұсынды.
Ашық хаттың қорытындысында сарапшы қазіргі жағдайды тек дағдарыс ретінде емес, білім беру жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеретін тарихи мүмкіндік ретінде қарастыру қажет екенін айтты.
“Егер бұл мәселе тек ведомствоішілік дау ретінде қабылданса, мемлекеттік аппараттағы осындай келеңсіз үрдістердің қайталану қаупі сақталады. Ал егер бұл жағдай жүйелі реформалардың басталуына негіз болса, мемлекеттік басқарудың тиімділігі артып, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімі күшейіп, білім беру саласы формальды есептіліктен нақты нәтижеге бағытталған даму кезеңіне өте алады”, – деді Өмір Шыныбекұлы.
Сарапшы сөзінің дәлелі ретінде бірнеше нақты сұрақ көтерді. Атап айтқанда, ол бұрынғы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың орынбасары Майра Мелдебекова мен Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашевтың «Мақсатты мектеп» жобасына бөлінген мемлекеттік қаражатқа байланысты қандай жауапкершілікке тартылғанын сұрады.
Сонымен қатар Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіровтің, Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орыновтың және басқарма басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекованың білім беру саласындағы тәжірибесіне қатысты сауалдарын жариялады.
Сөз соңында Өмір Шыныбекұлы әріптестері мен қоғам өкілдерін өзінің ұсыныстарын қолдауға шақырып, білім беру жүйесіндегі өзгерістердің ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.