Білім беру саласына қатысты маңызды заң қабылданды: Аймағамбетов негізгі өзгерістерді атады

Сағыныш Сардарова 02 қаз. 2025 15:14

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов білім беру саласына қатысты маңызды заң қабылданғанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, бұл заңда бірқатар маңызды мәселе қамтылған. Соның бірі - мектептердің күрделі жөндеуі.

"Президент өз жолдауында мектептердің уақтылы жөнделуін қамтамасыз етуді тапсырды. Осыған орай біз жаңа норма енгіздік: енді Оқу-ағарту министрлігі осы жөндеулерді қаржыландыру ережесін бекітеді, ал әкімдіктер жыл сайын мектептердің күрделі жөндеуіне және реконструкциясына міндетті түрде қаржы бөлуге тиіс болады. Бұл – мектеп ғимараттарының апатты жағдайға түспеуіне бағытталған маңызды қадам", - деді ол.
Депутаттың айтуынша, одан кейінгі тағы бір маңызды мәселе - бірінші сынып оқушыларын қолдау.
"Жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік тілде оқуға баратын, бірақ әзірге тілді толық меңгермеген балалар үшін арнайы бейімделген бағдарлама ұсынылады. Яғни олар қосымша тілдік сабақ ала алады. Мақсат айқын: балалар қатарынан қалып қоймай, білімді жеңіл әрі күйзеліссіз алуға тиіс. Мұндай тәжірибе Финляндия, Канада, Эстония және Германияда бұрыннан бар", - деді Аймағамбетов.
Жаңа заңда ЖОО және бәсекелестік тақырыбы да қамтылған.
"2027 жылдан бастап сапасын іс жүзінде дәлелдеген үздік университеттерге көбірек еркіндік беріледі: олар өздері білім беру бағдарламаларын айқындап, ғылыми дәрежелерді тағайындай алады", - деп түсіндірді ол.
Оның сөзінше, енді мектептер мен балабақшалардың штаттық кестесі жария түрде қолжетімді болуға тиіс.
"Мысалы қай балабақшада қанша күзетші, әлеуметтік педагог немесе әдіскер бар екені ашық көрінетін болады. Бұл - артық орындар мен "жұмыс істемейтін жандарға" қарсы жасалған нақты шара", - деді ол.
Сонымен қатар, аттестацияға қатысты өзгеріс болмақ.
"Білім ұйымдарының мемлекеттік аттестациядан өту тәртібі өзгерді. Сондай-ақ, колледждерді рейтингтеу нормасы енгізілді: енді олардың қаржыландыруы сапасына қарай бөлінеді", - деді ол.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар