Білікті кадр – мемлекетті тиімді басқарудың кепілі

Dalanews 27 қыр. 2016 10:38 896

Мемлекеттің өркендеуі, халқының әл-ауқатының артуы, қоғамның кез келген саласының дамуы – бірінші кезекте мемлекеттік қызметкердің еңбегіне тікелей байланысты. Дамыған елдердің тәжірибесі елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда мемлекеттік аппараттың кадрлық мүмкіндігі аса маңызды екендігін көрсетіп отыр.

Сондықтан, Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Елбасы Н.Ә.Назарбаев заманауи, стратегиялық міндеттерді тиімді іске асыратын мемлекеттік аппаратты құру мәселесін назарынан тыс қалдырған емес. Бұл орайда, бірінші кезекте Президенттің бастамасымен көлемді әрі тиімсіз басқарудың әкімшілік тобы оңтайландырылып, тәуелсіз Қазақстанның жаңа жағдайындағы саяси бағытын сапалы жүзеге асыра алатын мемлекеттік аппарат құру бағытында жұмыс жүргізіле бастады.

Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік қызметінің институциялануының бастамасы ретінде 1995 жылы қабылданған заңдық күші бар «Мемлекеттік қызмет туралы» Елбасы Жарлығын атап өтуге болады. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған елдердің ішінде сол кездері мұндай инновациялық құжат қабылдаған алғашқы мемлекет Қазақстан болды. Бұл қадам мемлекеттік қызметтің кадрлық құрамын нығайтып, дамуының негізіне айналды.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет жүйесінде оқытудың инфраструктурасы қалыптастырылған, оның құрамына Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясы, өңірлік қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталықтары және тағы басқа білім беру мекемелері енеді. Жыл сайын орта есеппен қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарында мемлекеттік қызметшілердің үштен бірі оқытылады, нәтижесінде үш жыл сайын мемлекеттік қызметшілер жүз пайыз оқыту курстарымен қамтамасыз етіледі.

Жаңа ғасырда – Қазақстанның алдында мықты экономика, саяси және әлеуметтік жүйені қалыптастыру бойынша жаңа міндеттер тұрды. Ол үшін қоғам сұраныстарына, заман талабына жауап беретін мемлекеттік қызмет моделін құру қажет болды.

Меритократия, тиімділік пен нәтижелік, транспаренттілік пен қоғам алдында есеп беру ұстанымдарына негізделген мемлекеттік қызмет жүйесінің қалыптасуын 1999 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы қамтамасыз етті. Аталған Заңға сәйкес, елдің бірыңғай кадрлық саясаты айқындалды, ал ең бастысы міндетті конкурстық іріктеуді енгізу арқылы азаматтардың мемлекеттік қызметке түсудегі тең қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша Конституциялық құқықтары жүзеге асырыла бастады.

2000 жылы ел аумағында мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай саясатты жүзеге асыратын мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері құрылды.

Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында мемлекеттік қызмет саласында бірқатар реформалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл реформалардың басты мақсаты – автономды, шағын, нәтижеге бағытталған, қоғамның сұраныстарына жауап бере алатын кәсіби мемлекеттік аппарат құру. Бүгінгі күні елімізде штат бойынша 99 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер болса, нақты саны 91 мың адамды құрап отыр. Біздің облысымызда  8 мыңнан аса мемлекеттік қызметкер еңбек етуде.

Ұлт жоспарына сәйкес «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң қабылданып, мемлекеттік аппараттың қызметін үйлестіретін заңнамалық база толығымен жаңартылды, меритократия принципіне негізделген мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне ауыстырылды. Мансаптық модель мемлекеттік қызметтен тыс адамдарға жоғары лауазымдарға тағайындалуға мүмкіндік бермейді, тек жылдар бойы тәжірибе жинаған, білімі мен біліктілігі сай мемлекеттік қызметкерлер ғана мансаптық өсу мүмкіндігіне ие болады. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметкердің беделі артып, мемлекеттік аппаратта жұмыс істеуге ниет білдірушілердің қатары көбейіп келеді. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік қызметтен үміткерлердің саны 5 есе артса, жұмыстан өз еркімен кеткендердің саны 2 есе азайған.

Бұл орайда, жүргізілген реформалар халықтың мемлекеттік аппаратқа сенімін арттыруға, барынша ашық, қабылдаған шешімдері айқын мемлекеттік қызмет жүйесін құруға бағытталды. Жаңа өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік қызметке барынша қабілетті, өз қызметін адал да абыройлы атқаратын, жауапты, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында тынбай еңбек ететін азаматтарды тарту көзделген.

Ширек ғасырда қыруар жұмыс атқарылды, алайда Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында межеленген міндеттерге қол жеткізу үшін одан көп жұмыс атқару қажет. Ел егемендігін еселеу жолында әрбір мемлекеттік қызметші тынбай еңбек етсе, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болары сөзсіз.

 

Т.Қ. Жұмағұлов, ШҚО бойынша мемлекеттік қызмет  істері департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар