Бейбіт Исабаев Қазақстанның 20 миллионыншы жетісулық тұрғынын құттықтады

Dalanews 16 қар. 2023 16:38 925

Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғындарының бірі Талдықорған қаласында өмірге келді. Әзімбаевтар отбасында 4-ші перзент болып дүние есігін ашқан сәбидің есімі – Айсұлтан. Талдықорған перинаталдық орталығына барған облыс әкімі Бейбіт Исабаев Әзімбаевтар отбасын құттықтады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сәбидің ата-анасын құттықтаған облыс басшысы Бейбіт Исабаев:

– Айсұлтан баламыздың бауы берік болсын. Айсұлтан тек сіздердің ғана емес, еліміздің мәртебесін өсіретін азамат болсын. Жаңарып жатқан Қазақстанның, еліміздің жақсылығы мен қуанышының куәгері болып, аман-есен ер жетсін. Сәбидің өзіне де, ата-анасы, сіздерге де денсаулық тілеймін. Президенттің арнайы құттықтап жолдаған сыйлығын тапсыруға рұқсат етіңіздер, – деп отбасына баланың ерекше үлгідегі туу туралы куәлігін, Президент жолдаған сый-сияпат – балаға қажетті бұйымдар, сол сияқты арба сыйға тартты.

Сонымен қатар «Отбасы банк» АҚ Жетісу облысы филиалының директоры Жасұлан Құрманғалиев Әзімбаевтарға 2 млн теңгенің сертификатын ұсынды. Ж. Құрманғалиевтің айтуынша, бұл сома баланың болашақтағы игілігі үшін банктің депозитіне салынып, оны кейін Айсұлтанның оқуына немесе баспана алуға пайдалана алады.



Атап өтсек, Айсұлтан Сәбденбай 14 қарашада таңғы 8-дер шамасында дүниеге келді. Анасы Диана Әзімбаева, әкесі Мұхтар Әзімбаев. Бұған дейін 1 қыз, 2 ұл өсірген ерлі-зайыптылар енді көп балалы отбасы болып отыр. Осы қуанышты күнде журналистермен тілдескен М. Әзімбаев:


– Мен Талдықорған қаласындағы № 21751 әскери бөлімінде жақын аймақтағы ұшу басшысы болып қызмет етемін. Өзім Шымкент өңіріненмін, осы әскери жұмысыма байланысты Жетісу жеріне тұрақтадым. Талдықорған әскери бөлімінде қызмет етіп келе жатқаныма он жылдан асты. Осы өңірде шаңырақ көтердім, балаларым осында өмірге келді. Бүгін, міне, көп балалы болып жатырмын. Сондықтан Жетісу жері маған әрдайым ыстық, – деді.

Еске салсақ, халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары - 3 ұл және 2 қыз Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүние есігін ашты.

Жалпы Жетісу облысында өткен 10 айда 10 527 бала өмірге келді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар