Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық жиын өтті. Қала және аудан әкімдері, өңірлік департамент басшылары бейне режимде қатысқан отырыста су тасқыны кезеңіне дайындық, негізгі капиталға инвестициялар тарту және облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы талқыланды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Жиында Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасы, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшылары баяндама жасады.
Өңірде көктемгі су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізу үшін кешенді шаралар қолға алынған. Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта облыстың 99%-ын қар басқан. Қардың ең көп мөлшері Көкпекті, Ақсуат, Жарма, Үржар, Аягөз, Мақаншы аудандарында тіркеліп отыр. Бұл аудандарда су басу қаупі жоғары болғандықтан арнайы бақылау жүргізілуде.
Алдын алу шаралары шеңберінде қар шығару және су өткізу құбырларын тазарту жұмысы атқарылуда. Облыс бойынша 459 мың текше метр қар сыртқа тасымалданған. Су басу қаупін азайту үшін 16 мың тонна инертті материал, 87 мың дана қап, 171 тонна жанар-жағармай қоры дайындалды.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел штаб құрылып, тәулік бойы мониторинг жүргізуде.
Облыс әкімі барлық қала-аудан әкімдеріне бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді, өзендер мен су арналарын күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды.
«Бекітілген жауапты тұлғалар аудандарға барып, сол жерден дайындық барысы туралы баяндасын. Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасы мен жауапты әкімі орынбасары Димитрий Гариков жағдайды қатаң бақылауда ұстау керек. Кеше екі ауданды аралап, жағдайды өз көзіммен көріп қайттым. Өңірде қар ери бастады. Таудағы қар ойға түсіп, тасқын қаупін тудыруы әбден мүмкін. Соған дайын болуымыз керек»,- деді облыс әкімі.