Берік Уәли Шүлбі су электр станциясында болды

Ақтоты Жапатова 05 нау. 2025 11:23 358

Абай облысының әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданына жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысы бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады. Су тасқыны кезеңіне дайындық барысын бақылап, жылу қазандығының жұмысымен танысты,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Облыс әкімі аудандағы жұмыс сапарын Шүлбі су электр станциясынан бастады. Су қоймасы екі миллиард текше метрден астам су жинай алады. СЭС басшылығының мәліметінше, Ертіс өзеніне күніне шамамен 650 текше метр су жіберіледі. Көктемгі су тасқыны кезінде бұл көрсеткіш 3 мың текше метрден асады.

Мамандар облыс әкіміне қазіргі таңда нысан қалыпты жұмыс істеп тұрғанын, жіберілетін су деңгейін үнемі қадағалап отырғанын айтты. Нысанда жоспарлы жөндеу жұмысы жүргізілгенін, тасқын кезеңіне дайын екендерін жеткізді.

«Су тасқыны кезеңі жақындап келеді. Сондықтан жұмысты жалғастырып, су деңгейін үнемі бақылауда ұстап отырыңыздар. Су жіберу көлемі ұлғайған жағдайда облыс әкімдігімен, Төтенше жағдай департаментімен бірлесе әрекет етуіміз керек»,- деді аймақ басшысы.

Облыста көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары бекітілген. Соған сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде. Өңірде 95 гидротехникалық нысан бар. Арнайы топ елдімекендерді аралап, су қоймалары мен бөгеттердің жағдайын бақылауда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар