Қазақ әдебиетінің қайталанбас тұлғасы, ұлт әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген қаламгерлеріміз Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романы түрік тіліне аударылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Өзінің кіндік қаны тамған қасиетті Нарынқол топырағында Қаламгердің 100 жылдығы аясында Алматы облысының әкімдігі мен «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы бірлесе ұйымдастырған пленэр және «Өлгендер қайтып келмейді» кітабының тұсауы кесілді.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ерғалиұлы, «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, ҚР ТҮРКСОЙ ұйымының өкілі Бақытжан Омар, шығарманы түрік тіліне аударған Хусейн Варол, танымал күйші Секен Тұрысбеков, Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, ақын, Түркі елдерінің жазушылар одағының төрағасы Есдаулет Ұлықбек және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Екі бауырлас ел арасындағы мәдени байланысты дамытудың маңыздылығына, екі жақтан келген қонақтар аса мән берді.
Сонымен қатар, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан елдері мен өңір суретшілерінің туындыларынан пленэр ұйымдастырылды. Қылқалам шеберлеріне «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов алғыс хат табыстады.
Шара соңы Секен Тұрысбектің жетекшілігімен «Ақжауын» камералық оркестрінің концертіне ұласты.
«ТҮРКСОЙ» ұйымының Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойы аясындағы шараларды ұйымдастыруға қолдау көрсетуі - түбі бір екі мемлекеттің мәдени жақындығының айқын нышаны! Осындай тығыз, достық қарым-қатынасымыз нығая берсін