Руслан Берденов оқиға болған күні қандай кездесулер өткізгені айтылды,- деп хабарлайды Dalanews.kz.
Tengrinews.kz сауалына берген жауабында Шымкент әкімдігі шабуыл болған күні Руслан Берденов жиналыстар өткізгенін хабарлады.
Әкімдік мәліметінше, 21 сәуір Руслан Берденов үшін қалыпты жұмыс күні болған. Күндіз ол әкімдіктің аппараттық отырысына, сондай-ақ, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрінің төрағалығымен онлайн форматта өткен жиналысқа қатысқан. Жұмыс барысында қала әкімінің орынбасары Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты басқарма басшыларымен бірнеше жиналыс өткізген.
Әкімдік өкілдері Берденов сол күні шабуыл жасаған адаммен кездескен-кездеспегенін нақтыламаған.
"Оқиғаға дейін бірнеше күн бұрын Руслан Берденов жұмыс жоспары бойынша қаладағы құрылыс нысандарын аралап, азаматтарды жеке қабылдап, жұмыс комиссиясымен бірге құрылыс инфрақұрылымын дамыту бойынша бірнеше жиналыс өткізді", - деді әкімдіктегілер.
Әкімдік маңындағы атыс туралы
21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды. Полиция мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, Руслан Берденовке операция жасалған, өміріне қауіп жоқ.
"Шымкент қаласы әкімінің орынбасары оқ жарақатымен қалалық ауруханаға түсті. Оған шұғыл операция жасалды. Операция барысында қан кету тоқтатылды, зақым қалпына келтірілді. Өміріне қауіп жоқ", - деп жазылған бұған дейінгі хабарламада.
Мәліметке сүйенсек, оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады. Шенеунік дәрігерлердің тұрақты бақылауында және қажет медициналық көмекті алып жатыр.