Берденов ісіндегі судья журналиске тілін көрсеткен

Сағыныш Сардарова 19 там. 2025 12:42

Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс бойынша кешегі сот отырысында судья Әбінұр Қарабаев журналист Ботагөз Омароваға тілін шығарған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ботагөз Омарова сот залындағы видеоны Facebook парақшасында жариялады. Желіде бұл жайт қызу талқыланып жатыр.

Судьяға қатысты тексеріс тағайындалды

"Төрағалық етуші судья Әбінұр Қарабаевтың Шымкент қаласы әкімінің орынбасарына жасалған қастандық туралы қылмыстық істі қарау кезіндегі әрекеті Судья әдебі кодексі бұзылуына байланысты тексеріледі", - деп жауап берген соттың баспасөз қызметі өкілі.

Бұған дейінгі жағдай

Еске салайық, бұған дейін Руслан Берденов сотқа келуге міндеттелгені хабарланды. Сот отырысында судья Әбінұр Қарабаев Руслан Берденовті 6 тамызға жоспарланған негізгі сот процесіне міндетті түрде қатысуға шақырды.

Себебі Руслан Берденов алдын ала тыңдауға өзі келмеген еді. Оның өкілі Руслан Берденов ем қабылдап жатқанын мәлімдеді.

Әкімдік маңындағы атыс туралы

21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды. Артынша күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұл іс бойынша басты күдікті - Ернар Жиембай. Ашық форматта өткен алдын ала тыңдау кезінде судья Жиембайдың сот процесі барысында өзін түсіруге қарсы екенін жеткізді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар