Қазақстанда жанармай сапасына қатысты дау күшейіп, соңғы бір аптада бір автосервиске бензиннен кейін ақауға ұшыраған 50-ден астам көлік келген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Viton.kz автосервисінің мәліметінше, көліктердің басымында бірдей ақау тіркелген: қозғалтқышта Check Engine белгісі жанған, көлік жүрмей қалған, жанармай бүріккіштері істен шыққан. Кейбір көліктерде поршеньдер күйіп кеткен. Сервис өкілдері бір күнде осындай мәселемен шамамен 15 көлік келетінін, ал WhatsApp арқылы 100-ден астам өтініш түскенін айтты.
«Соңғы бір аптада бізге бірдей проблемамен 50-ден астам көлік келді: қоспа кедейленген, Check Engine жанып тұр, көлік жүрмейді, форсункалар істен шыққан. Кейбірінің поршеньдері күйіп кеткен, кейбірінің форсункалары бітеліп қалған. Қазір осы форсункаларды жөндеп жатырмыз. Күніне шамамен 15 көлік келеді, WhatsApp-тың өзіне 100-ден астам өтініш түсті. Мұның не себепті болғанын білмеймін. Қазақстанға сапасыз жанармай келген болуы мүмкін», – деп мәлімдеді Viton.kz.
Мәселе бұған дейін де көтерілген. Бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі автомобиль бензинінің сапасын мұнай өңдеу зауытынан бастап жанармай құю станцияларына дейінгі бүкіл тізбек бойынша зерттеп жатқанын хабарлаған. Ведомствоға азаматтардан 12 өтініш түскен, сондай-ақ Алматы, Алматы облысы, Абай және Жамбыл облыстарындағы 17 АЖС-дан бақылау мақсатында жанармай үлгілері алынған.
Сондай-ақ хабарланғандай, Құрылтай депутаты Асхат Рахымжанов Қазақстанда сапасыз жанар-жағармай үлгілерінің үлесі едәуір екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, Алматыда АИ-100 ретінде сатылған бензин құрамындағы күкірт мөлшері рұқсат етілген деңгейден үш еседен астам жоғары болған. Ал Қызылорда облысында АИ-95 маркасымен АИ-92 бензині сатылған.
Бұған дейін Астана мен Алматы тұрғындарының да жанармай құйғаннан кейін көліктері бұзылғаны туралы шағымдары тараған. Автокөлік иелері жанармай сорғыларының істен шығуы, форсункалардың бітелуі, қозғалтқыштың тұрақсыз жұмыс істеуі және көліктің авариялық режимге ауысуы сияқты мәселелерге тап болғанын айтқан. Айтылғандай, осыған байланысты профильді ведомство жанармай сапасын өндірушіден бастап АЖС-ға дейінгі бүкіл тізбек бойынша тексеріп жатыр. Бұған қоса, нарық қатысушылары мәселенің шығу себебіне қатысты бір-біріне сілтеп отыр.