Белгілі журналист, ақын және прозашы Жұмабек Айдарбекұлы Табынбаев дүниеден өтті. Қаралы хабарды Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрлік марқұмның отбасы мен жақындарына, әріптестері мен туған халқына көңіл айтып, оның ел руханияты мен бұқаралық ақпарат құралдары саласына сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
Жұмабек Табынбаев еңбек жолын 1978 жылы бастаған. Ол әр жылдары өңірлік және республикалық басылымдарда қызмет етіп, отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосты.
Қаламгер журналистикамен қатар поэзия және проза жанрларында да өнімді еңбек етті. Оның «Өмір – керуен», «Соғыс туралы шындық», «Жадымдасың, жарқын бейне» секілді кітаптары оқырманға кеңінен танылып, жоғары бағаланды.
Жұмабек Табынбаев Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанып, «Ақпарат саласының үздігі» атағына ие болған.
«Кәсіби біліктілігі, азаматтық ұстанымы, адамгершілік болмысы мен өнегелі ғұмыры әріптестері мен кейінгі буын журналистер үшін әрдайым үлгі болды. Ардақты азаматтың жарқын бейнесі мен есімі ел жадында мәңгі сақталады», – делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы саламат болсын деп көңіл айтты.