Белгілі тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасар дүниеден өтті

Белгілі тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасар дүниеден өтті
Фото: t.me/qazaqstantv

Танымал тележурналист, тікелей репортаждың тарланы Тілеуқабыл Мыңжасар өмірден өтті. Қаралы хабарды "Хабар" агенттігі жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Белгілі тележурналист, тікелей репортаждың тарланы, “Хабар аға” атанған Тілеуқабыл Мыңжасар дүниеден озды", - делінген агенттік хабарламасында.

Айта кетейік, Тілеуқабыл Мыңжасар 1952 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. 1975 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын сол жылы Қазақ телевизиясының балалар мен жасөспірімдер редакциясында бастап, алғашқы хабары эфирге шыққан.

Ол «Хабар» агенттігі құрылған күннен бастап еңбек етіп, 1998 жылдан телеарнаның Алматы облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарды. Қырық жылдан астам ғұмырын журналистикаға арнаған қаламгер елді мекендерді аралап, қарапайым халықтың тыныс-тіршілігін, өңірлердегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді республикалық деңгейде көтерді.

Тілеуқабыл Мыңжасар Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Алматы облысының құрметті азаматы және «Хабар» агенттігінің «Алтын микрофон» сыйлығының иегері болды. Сондай-ақ ол «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен және Қазақстан Президентінің Алғыс хатымен марапатталған.

Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.