Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Түркістан және Жамбыл облыстарында шегірткеге қарсы күрес шараларын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бүгін үкімет отырсында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қазіргі уақыттағы жағдай туралы баяндады.
АШМ мәліметтері бойынша, шегірткелердің таралуы 2,1 млн гектар аумақты қамтиды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн гектарға аз. Зиянкестермен күресуге республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлінген. Жұмысқа 443 бүріккіш техникасы мен 4 625 маман жұмылдырылған.
"12 мамырдағы жағдай бойынша Жамбыл және Түркістан облыстарында шегіртке зиянкестері дернәсілдерінің таралуы байқалады. 1 388,9 мың гектар жер зерттелді, оның 396,6 мың гектары өңдеуге жатады. Нақтырақ айтсақ, 390,8 мың га, оның ішінде Жамбыл облысында – 27,8 мың га, Түркістан облысында – 363,8 мың га өңделді", - деді министр.
Премьер-министр қажетті қорғау шараларын жүргізуді қамтамасыз етуді және ведомство мен өңірлер арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды.
"Айдарбек Сейпілұлы, өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, зиянкестерге қарсы сапалы мониторингті, профилактикалық және қорғау шараларын жүргізуді қамтамасыз ету керек. Шегірткенің таралу болжамдарын үнемі жаңартып отырып, жедел шаралар қабылдау үшін ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет.
Қазіргі сәтте Түркістан және Жамбыл облыстарында шегірткемен күреске ерекше назар аударыңыз", - деді Олжас Бектенов.