Еркін Баулықовтың Саран қаласы әкімі қызметінен алынуы - жергілікті билікке Үкіметтен берілген қатаң ескерту, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Премьер Олжас Бектенов қазанның ортасында, Сарандағы пәтерлердің жылыту маусымына дайын еместігіне көңілі толмай, бұл жағдай үшін жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тартуға пәрмен берген еді.
Бұл оның жергілікті атқарушы билікке бағытталған елеулі және қатқыл ескертуі еді.
Бектеновтың айтуынша, бұл мәселе қала әкімі мен облыс басшылығының бақылауының нашарлығынан туындаған.
Жылыту маусымына дайындық туралы жалған мәлімет берген әрбір жауапты адам тексеріліп, заң жүзінде жауапкершілікке тартылатыны алдын ала айтылған болатын.
Дәл осы жағдай жергілікті әкімдер үшін жеке жауапкершіліктің қажеттілігін айқындап отыр.
Кейін, 28 қазанда, Саран әкіміне қатаң ескерту жарияланған кезде, көпшілік Баулықовтың тек сөгіспен құтылады деп пайымдаған еді.
Алайда, Үкімет басшысына бұл жаза жеткіліксіз болып көрінді.
ҚазТАГ агенттігінің дерегінше, Сол жағалау көптің талабына құлақ асып, Баулықовты қызметінен босатуды дұрыс деп шешкен. Әкімнің отставкасы принципті мәселе ретінде қаралған.
Бүгін Бектенов айтқан сөзінде тұрып, Үкіметтің айқын және қатаң көзқарасын көрсетті.
"Бұл қадамнан кейін Астанадағы жоғарғы лауазымды тұлғалар аймақтардағы әкімдер үшін жауап беруді қойып, олардың өз істеріне жауапты болуын талап етуде. Баулықовтың қызметінен алынуы – жергілікті әкімдерге нақты ескерту: орталық билік енді бұрынғыдай жұмсақ қарамайды. Бұл әрекет, сөз жоқ, жергілікті әкімдер үшін ауқымды өзгерістердің бастамасы болмақ", - дейді өз кезегінде сарапшылар.
Айта кетейік,бүгін Саран әкімі Еркін Баулықов жылу беру маусымының басталуында жіберген олқылықтары үшін қызметінен босатылды. Қазан айының ортасында құрылысы 10 жылға созылып, биыл салынып біткен жаңа орталық қазандықтағы ақауларға байланысты Сарандағы 168 үй жылусыз қалған еді.
"Қарағанды облысы әкімінің өкімімен Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов қалада жылу беру маусымының басталуында олқылық жібергені үшін атқаратын қызметінен босатылды", - деп хабарлады Қарағанды облысының әкімдігі.
Ол бұл қызметті бір жылдан астам ғана уақыт атқарды.
Енді қала басшысы міндетін уақытша осыған дейін Саран әкімінің орынбасары болған Мақсат Қайрешов атқаратын болды.