Бектенов ескерткен: мемлекетке 17 млрд теңге салық қайтарылды

Көркем Алдабергенова 12 нау. 2025 16:27 244

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимінде жұмыс істейтін және жеке кәсіпкерлермен өзара есеп айырысу арқылы салықтық міндеттемелерін оңтайландыратын салық төлеушілерді әкімшілендіруді жалғастыруда, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Талдау қорытындысы бойынша 633 салық төлеушіге, оның ішінде 172 құрылыс саласында (ірі құрылыс компанияларын қоса алғанда), 102 сауда және басқа да қызмет түрлерімен айналысатын компанияларға салық салынатын кірістерін төмендету белгілері бойынша хабарламалар жіберілді.

12 наурыздағы жағдай бойынша салық төлеушілер қосымша есептілік нысандарын тапсырып, салықтарын толықтыруда. Қазіргі таңда 17 млрд теңге төленді, оның ішінде BI Group және BAZIS компаниялары да өз төлемдерін жүзеге асырды.

Деректерді салыстыру жұмыстары жалғасуда.

Мемлекеттік кірістер комитеті премьер-министр Олжас Бектеновтің ескертуінен кейін «Bazis-A» және «Bi Group» қанша сомада салық кірісін төмендетіп көрсеткені жөнінде ақпарат берген болатын.

Қанша салық берешек?

Мемлекеттік кірістер органдары «Bazis-A» компаниясына 4,6 млрд теңге, «Bi Group» компаниясына 11,9 млрд теңге мөлшерінде салыққа жататын кіріс төмендетіп көрсетілгені жөнінде хабарлама жіберген.

"Бұл жұмыс 2022-2023 жылдар аралығында арнайы салық режимдерін (АСР) қолданатын субъектілер мен жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте жұмыс істейтін компаниялар арасындағы өзара есеп айырысуларды талдау шеңберінде жүргізілген. Талдау нәтижесінде бұл компаниялардың АСР-ды салықтық төлемдерін азайту мақсатында пайдаланғаны анықталған. Камералдық бақылау рәсімі салық төлеушілерге тексеріс жүргізбей-ақ өз кірістерін түзетіп, салықтарын төлеуге мүмкіндік беретінін түсіндіреміз", - деп ескертті салық органдары.

"Соңы қиын болады". Үкімет басшысы Бектеновтің ескертуі

28 ақпанда премьер-министр Олжас Бектенов вице-премьер-ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен және қаржы министрі Мәди Такиевпен бірге жұмыс кеңесін өткізді. Кеңесте салық-бюджет реформасы және салық түсімдерін бақылауды күшейту мәселелері қаралды.

Қаржы министрі Мәди Такиев жүргізілген талдау шеңберінде салық төлеушілер шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында бұрын енгізілген арнайы салық режимдерін (СРП) пайдаланғаны анықталғанын баяндады.

"Қаржы министрінің ақпаратынан салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемаларын қолдана отырып, міндетін адал атқармайтын кәсіпкерлер барын көріп отырмыз. Миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өздерінің тапқан пайдасына мүлдем сәйкес келмейтін сомаларды төлейді. Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниясы жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қазір салық жүктемесін оңтайландырудың түрлі схемаларын қолданатын ірі компаниялардың иелері мен басшыларына қарата айтқым келеді. Бүгін-ертең сіздердің компанияларыңызға салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу қажеттілігі туралы хабарламалар келіп түседі", - деді Бектенов.

Олжас Бектенов кәсіпкерлерден екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсыруды және шынайы салық сомасын төлеуді сұрады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар