Бектенов BI Group пен BAZIS-ке шүйлікті: құрылыс компаниялары қанша салық берешек?

Сағыныш Сардарова 01 нау. 2025 10:49 1757

Мемлекеттік кірістер комитеті премьер-министр Олжас Бектеновтің ескертуінен кейін «Bazis-A» және «Bi Group» қанша сомада салық кірісін төмендетіп көрсеткені жөнінде ақпарат берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп.

Қанша салық берешек?

Мемлекеттік кірістер органдары «Bazis-A» компаниясына 4,6 млрд теңге, «Bi Group» компаниясына 11,9 млрд теңге мөлшерінде салыққа жататын кіріс төмендетіп көрсетілгені жөнінде хабарлама жіберген.

"Бұл жұмыс 2022-2023 жылдар аралығында арнайы салық режимдерін (АСР) қолданатын субъектілер мен жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте жұмыс істейтін компаниялар арасындағы өзара есеп айырысуларды талдау шеңберінде жүргізілген. Талдау нәтижесінде бұл компаниялардың АСР-ды салықтық төлемдерін азайту мақсатында пайдаланғаны анықталған. Камералдық бақылау рәсімі салық төлеушілерге тексеріс жүргізбей-ақ өз кірістерін түзетіп, салықтарын төлеуге мүмкіндік беретінін түсіндіреміз", - деп ескертті салық органдары.

"Соңы қиын болады". Үкімет басшысы Бектеновтің ескертуі

28 ақпанда премьер-министр Олжас Бектенов вице-премьер-ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен және қаржы министрі Мәди Такиевпен бірге жұмыс кеңесін өткізді. Кеңесте салық-бюджет реформасы және салық түсімдерін бақылауды күшейту мәселелері қаралды.

Қаржы министрі Мәди Такиев жүргізілген талдау шеңберінде салық төлеушілер шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында бұрын енгізілген арнайы салық режимдерін (СРП) пайдаланғаны анықталғанын баяндады.

"Қаржы министрінің ақпаратынан салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемаларын қолдана отырып, міндетін адал атқармайтын кәсіпкерлер барын көріп отырмыз. Миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өздерінің тапқан пайдасына мүлдем сәйкес келмейтін сомаларды төлейді. Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниясы жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қазір салық жүктемесін оңтайландырудың түрлі схемаларын қолданатын ірі компаниялардың иелері мен басшыларына қарата айтқым келеді. Бүгін-ертең сіздердің компанияларыңызға салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу қажеттілігі туралы хабарламалар келіп түседі", - деді Бектенов.

Олжас Бектенов кәсіпкерлерден екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсыруды және шынайы салық сомасын төлеуді сұрады.

"Егер бұл әрекеттер жасалмаса, мемлекет фискалдық және құқық қорғау органдарын қосқанда, мемлекет иелігіндегі барлық ресурсты қолдану құқығын өзіне қалдырады. Мұның соңы қиын болады, бірақ егер бизнес мемлекет алдындағы міндеттемесін әділетті түрде орындауға дайын болса, біз диалогқа дайынбыз", - деді Олжас Бектенов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар