Бектаев жаңа жылдық мерекені Наурызға ауыстыруды ұсынды

Dalanews 18 қаң. 2024 09:18 1003

Сенаттың жалпы отырысында сенатор Әли Бектаев премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, жаңа жылдық мерекені Наурызға ауыстыруды ұсынды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бектаевтың айтуынша, жаңа жыл мерекесін тойлау үлкен шығынға алып келеді.

“Жаңа жыл қарсаңында барлық қалада қызу жұмыс басталады. Мерекені тойлау барысында көп жағдайда ысырапшылдыққа жол беріп жатамыз. Атап айтатын болсақ, бюджет қаржысына мұз сырғанақтар мен түрлі отшашулар ұйымдастырылады. Ал қарапайым халық сауда орталықтарын аралап, жоспарсыз ақша жұмсайды” - дейді, сенатор.


Сонымен қатар ол елімізде жаңа жылды атап өтудің жаңа идеологиялық-әлеуметтік негізін қалыптастырудың уақыты келгенін жеткізді.

“Елімізде үш мың жылдық тарихы бар Наурыз мейрамын ерекше қарсы алуды қолға алуымыз қажет. Наурыз молынан дастарқан жайып, жүздеген киіз үй тігіп, ысырапшылдыққа жол беретін мейрам емес, керісінше әр отбасыға рухани нәр беретін жаңа мерекеге айналуы қажет. Наурыз – басты ұлттық идеологиямыз екенін ескерген жөн” - деді, Бектаев.


Сенатордың пікірінше, Наурыз мерекесіне орай өткен жылды қорытындылап, еңбек ұжымдары мен еңбек озаттарын марапаттауды жыл сайын дәстүрге енгізу қажет.

Осы тұста Әли Бектаев Наурыз мерекесін дәріптейтін жалпыұлттық тұжырымдаманы қабылдауды және Наурыз мейрамының маңызын зерттейтін ғылыми орталық құруды ұсынды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар