Bek Air 94 млн теңге өтемақы төледі

Dalanews 04 нау. 2020 03:09 707

Ұшақ апаты салдарынан зардап шеккен жолаушылар мен қаза болғандардың отбасына 94 миллион теңге шамасында өтемақы төленді. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді, – деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты.

– Бүгінге дейін жергілікті атқарушы органдар тарапынан материалдық көмек көрсету жұмысы жүргізілді. Зардап шеккен 46 жолаушыға бір миллион теңгеден, ал жақынынан айырылған 12 отбасы төрт миллион теңгеден алды, – делінген Маминнің депутат сауалға берген жауабында.

Премьердің айтуынша, қазіргі кезде Bek Air әуе компаниясының сертификаты тоқтатылған. Мемлекетаралық авиация комитеті әуе кемесінің өздігінен жазатын екі борттық құрылғысын жүктеді. Мамандар қорытынды дайындап жатыр.

Ал апат салдарын тергеу ісін ішкі істер министрлігінің жедел-тергеу тобы жүргізіп, бас көлік прокуратурасы бақылайды.

– Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда, оның екі негізгі нұсқасы қарастырылып жатыр. Біріншісі – ұшақтың қанаттарына мұз қатқан болуы мүмкін. Бұл нұсқаны халықаралық сарапшылар көмегімен тексеру үшін ұшуға дейінгі дайындық кезінде әуе кемесін мұздан тазарту процедурасы тексеріліп жатыр. Екіншісі – ұшақтың техникалық ақауы және ұшқыштың қателігі, – деді Үкімет басшы.


Сонымен қатар, төтенше жағдай кезіндегі экипаждың іс-әрекетін бағалауға бағытталған тергеу амалдары да жалғасады.

– Жұмыс берушілерге қайтыс болған жұмысшылардың (асырауындағы) отбасына сақтандыру төлемдерін төлеу қажеттігі туралы сақтандыру компанияларына хабарлау тапсырылды. Арнайы тергеу материалдары процедуралық шешім қабылдау үшін ішкі істер органдарына жіберілді, – делінген құжатта.

Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті оқиға салдарынан тоқтатылған рейс жолаушыларына ақшаны қайтарып алу туралы Нұр-Сұлтан қаласының экономикалық сотына шағым түсірді.


2020 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін жолаушыларды тұрақты рейспен тасымалдайтын елдегі барлық әуе компаниялары тексеруден өткізіледі.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар