Байқаудан бас жүлдемен оралды

Dalanews 22 сәу. 2019 10:28 854

Кейінгі жылдары Шу қаласы №40 шағын орталықты мектеп-лицейінің оқушылары арасында  бірнеше пән олимпиадалары, өнер байқауы, спорттық сайыстар сынды түрлі жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрініп, мектеп абыройын асқақтатып жүрген оқушылар саны артып келеді. Соның жарқын дәлелдерінің бірі – жуырда ғана аталмыш білім ордасының 4 «б» сынып оқушысы Төле Сәрсебайдың Тараз қаласында, бүлдіршіндер мен мектеп оқушылары арасында өткен республикалық байқаудан бас жүлдені иеленіп қайтуы.

Ол «Talents of Kazakhstan» деп аталған өнер мен білім бәсекесінде «Аспапта орындаушылық» жанры бойынша өнер көрсетіп, нақты айтқанда Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйін лайықты орындап, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Мұндай жетістікке қол жеткізуде өзі білім алып жүрген Шу қаласындағы №1 қалалық саз мектебіндегі жетекшісі Бекзада Маликованың да өзіндік ықпалы зор екенін айта кеткен жөн. «Талаптыға нұр жауар» демекші, бос уақытын өнерге арнап, оның ішінде ұлттық өнермен сусындап жүрген Төледей жас шәкірттің шығар биігі әлі де алда деп білеміз. Орайы келгенде айта кету керек, Аяз Бетпаев пен Әбдімомын Желдібаевтар шыққан киелі Шу өлкесі дарынды өнерпаздарға өте бай. Мәселен, өткен жылы ғана Шу ауданының «Әсем әуен» фольклорлық ансамблі Түркия мемлекетіндегі халықаралық «Анадолу» фестиваліне қатысып қайтан болатын. Айта кету керек, шулықтар осымен 15-ші мәрте ұйымдастырылып отырған шараға Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің арнайы шақыртуымен барған.

Еліміздің атынан өнер көрсеткен шығармашылық топты Шу ауданы әкімінің орынбасары Клара Қожағаппанова, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Еркежан Сембаева, облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Эльмира Дүтбаева және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әуесхан Келгенбаев сынды тұлғалар бастап барған еді. Он күнге жалғасқан дәстүрлі фестивальге бірқатар түркі тілдес мемлекеттер мен Түркияның жергілікті өнер жұлдыздары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Шараның екінші күнінде өнер көрсеткен шулықтар 50 мың көрерменнің назарына Әбдімомын Желдбібаевтың «Ерке сылқым» күйін, Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен», Мэлс Өзбековтің «Толқиды Шуым» әнін, Арман Бексұлтанның «Елге тілек» және Майлықожаның «Өсиет» термесі мен «Жан еркем», «Құрбым-ай», «Дей салдым-ай», «Ауылың сенің іргелі» сынды халық әндерін ұсынды. Еліміздің ұлттық өнерін Анадолу жерінде лайықты таныстыра білген «Әсем әуен» фольклорлық ансамблінің өнерін түріктің «Бенгү» арнасы тікелей эфирден таратыпты. Міне, осының өзі шулықтардың өнер саласындағы алар орнын айқындап тұрғандай.

 

Шу ауданы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар