Алматы қаласында полиция қызметкерлері шамамен 30 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген қарақшылық шабуылды жедел түрде әшкереледі,деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қылмыс күндізгі уақытта жасалған. Белгісіз адамдар жәбірленушіні күш қолданамын деп қорқытып, байлап қойған да, зергерлік бұйымдар, бағалы мүлік және ақшалай қаражатты қолды қылған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері қысқа мерзім ішінде екі күдіктіні анықтап, ұстады. Тергеу әрекеттері кезінде ұрланған мүліктің едәуір бөлігі тәркіленді. Ұсталғандар кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуатбек Науатовтың айтуынша, бұл қылмыстың жедел ашылуы барлық бөлімшенің үйлесімді әрі кәсіби жұмысының нәтижесі.
«Заң мен тәртіп қағидаты біз үшін ұран ғана емес, күнделікті қызметтің басты талабы. Ауыр қылмыстың ешқайсысы жауапсыз қалмайды. Әрбір жәбірленуші мемлекет пен полицияның өз жағында екеніне сенімді болуы тиіс», деді ол.
Қазіргі уақытта күдіктілердің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
