Шаян өзенінің жағасынан 5 гектар жер алған жеке кәсіпкер Е.Шынқожа онда үш балық өсіру бұғатын салыпты. Ал мұнда сазан мен тұқы балықтарының шабақтарын жіберу шарасына Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Н.Айтбеков, ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ауыл ардагерлері қатысты.
Аталған үш бұғаттың жалпы сыйымдылығы 500 мың балық. Жергілікті жеті адам жұмыспен қамтылған. Бәйдібектік кәсіпкер енді бес гектар жердің аумағына жасыл желек егіп, су бұрғақ орнатуды және демалыс аймағының құрылысын жүргізіп, келесі жылы пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Балық шаруашылығын дамытуды қолға алған Бәйдібек ауданында осы үшінші балық шаруашылығы. Бұған дейін 2015 жылы «КазГолдФишт» ЖШС-і «Досан-Қарабас» су қоймасына 700 мың сазан, ақ, қара амур балықтарын жіберсе, 2017 жылдың мамыр айында «Нұр-Ай» шаруа қожалығы «Бөген» өзенінің жағасынан арнайы бұғат жасап, сазан, ақ амур мен карас балықтарының 8 мың шабағын жіберген болатын.
Статистика бойынша су қоймаларына жіберілген шабақтардың 70-80 пайызы әрі қарай өсіп жетіледі екен. Балықтың бұл түрлерін су айдындарына жіберу көктем және күз айларында жүзеге асырылады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі