Бәйдібек ауданында жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері мал ұрлығына және заңсыз қару сақтауға күдікті екі ағайындыны ұстады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Түркістан облысы полиция департаменті мәліметінше, күдіктілер аудан аумағындағы ауылдардың бірінен үш бас сиырды ұрлап, оларды көршілес ауданда сатып үлгерген. Қылмыс дрон көмегімен тіркеліп, бұл полицейлерге күдіктілердің ізіне жедел түсуге мүмкіндік берген.
Күдіктілер сол күні тұрғылықты мекенжайлары бойынша ұсталды. Тінту барысында алты бас мал, аңшылық мылтық және өзге де айғақты заттар тәркіленді. Сонымен қатар ұрланған малды сатып алған азамат та анықталды. Ол Ордабасы ауданының тұрғыны болып шыққан.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
