Егер әңгіменің ашығын айтар болса, Алматының тау-тасы тұрмақ қаланың ішінде де тез арада өзгертуді қажетсінетін оғаш атаулар жетіп артылады.
Иә, Алматының тау-тасына шықсаң Гитлер тіріліп келгендей күй кешесің, ал етектегі қалаға түссең, мейрамхана, дәмхана, қонақүйлердің маңдайшасындағы ағылшын, орыс тіліндегі жазуларға көзің түсіп, бөтен елде жүргеніңді ыңғайсыз жағдайға тап боласың.
Осыдан біршама уақыт бұрын dalanews.kz сайтында «Байбек мырза, Мақатаев көшесінде «На Пастера» кәуапханасы қайдан жүр?» деп мақала жазған едік. Арада біршама уақыт өткеннен кейін кәуапхананың маңдайшаындағы жазу жоғалды.
https://dalanews.kz/25585
Сол кезде қала әкімі біздің ой-пікірімізге назар аударып, бұл мәселені реттеген екен деп қуанышымыз қойнымызға сыймай «Бауыржан Байбекке Мұқағалидың әруағы риза болған шығар?» деп бір мақала жазып тастаған едік.
[caption id="attachment_29408" align="aligncenter" width="883"] Жыл басында осылай болған[/caption]
Өкінішке орай, қуанышымыз ұзаққа созылмады. Арада бір ай өткеннен кейін Мақатаев көшесімен (Пастер көшесімен шатастырмаңыздар) кетіп бара жатқанымызда кәуапхана қожайындар «На Пастера» деген жазуды бұрынғыдан да үлкейтіп, алты шақырым жерден анық көретіндей жазып қойғанын көргенде біз көтерген мәселеге қала басшысы мүлде назар аудармағанын біліп, алып ұшқан көңіліміз су сепкендей басылды.
Мақатаев көшесінің бойында «На Пастера» деп кәуапхана ашқан адам үшін Қазақстанның тәуелсіздігінің бес тиындық қадірі жоқ екенін білеміз. Егер кәсіпкер елімізді, Тәуелсіздігімізді сыйласа өзінің кәуапханасын Кеңес замандағы көшенің атымен атамас еді.
[caption id="attachment_29407" align="aligncenter" width="900"] Кәуапхананың маңдайшасындағы қазіргі жазу[/caption]
Ал осындай оспадарлыққа жол беріп қойған қала Алматы қаласы әкімдігінің ұзын арқан, кең тұсауға салынып, бей-жай отыруын қалай түсінуге болады?
Қаланың ішінде осындай өрескел қателіктер көбейіп тұрғанда тау-тастағы фашистік белгіні қала билігі назарға алып, өшіреді дегенге сенбеймін.
Альпинист Артем Скопин КТК арнасына берген түсініктемесінде мұндай белгілердің пайда болғанына 6-7 жыл болғанын алға тартыпты.Алғашында біреудің ермегі шығар деп мән бермеген. Кейін келе осы бір көріністі жиі кездестіре бастапты. Енді міне соңғы жылдары тіпті тау басындағы мұздыққа дейін қаптап кеткенін айтып отыр.
[caption id="attachment_29409" align="aligncenter" width="900"] КТК арнасынан алынған скриншот[/caption]
– Жүріп келе жатып басыңды көтерсең көзіңе бірден осы бір сурет түседі. Мұны «Шағын Алматы» шатқалында ғана емес, қала маңындағы барлық таулардан кездестіруге болады. Шетелден келген туристерден ұят. Сондықтан бұзақыларды ұстауға қоғам болып атсалысқан жөн. Салып жатқан адамды ұстауға қаншама рет тырыстық. Бірақ түк шықпады, – дейді Алматы қалалық альпинизм федерациясының президенті Артем Скопин.
Алматының табиғаты мен тауларын тамашалауға келген туристер де соңғы кезде фашистік белгіні жиі кездестіріп жүргендеріне қапалы. Қанша елге бардық, бірақ дәл осындай сорақы суретті көрмегендерін айтады.
Ал полициядағылар бұл әрекеттің ұсақ бұзақылыққа жататынын айтты. Жазасы тек айыппұлмен шектеледі. Бірақ бұл дерек бойынша ішкі істер органдарына ешқандай шағым түспепті.
Еліміз үшін маңызды, іргелі қалада осындай көңілге кірбің түсіретін жайттардың көбеюі халқытың әкімдікке деген ренішін туғызатыны анық. Сондықтан бұл мәселені өрістетпей Бауыржан Байбек мырзаның тез арада шешкенін қалаймыз.
https://dalanews.kz/26138
Нұрлан ЖҰМАХАН