Бұл туралы Астана арнасының “Ел аузында” бағдарламасында айтылды.
Жанар Дұғалова мен Мөлдір Әуелбекованың топтан не себепті кеткендері әлі күнге дейін белгісіз. Десе де, Баян Есентаева олармен қатты ренжісіп қалғандарын айтып жатыр. Мұнымен қатар, өзінің тарапынан да ағаттық кеткенін жасырмайды.
“Біз Мөлдірмен де, Жанармен де ренжісіп айырылыстық. Пенде болған соң мұндай дүниелер болып тұрады. Жер бетінде өмірінде біреумен ренжісіп көрмеген адам жоқ шығар. Біз танымал адам болғандықтан, жұрттың құлағына түрпідей тиді. Біреу әдемі қоштасып жатады, енді бірі алғыс айтуды ұмытады. Менің де кей жерде айыбым болуы мүмкін. Себебі, кез келген жанжал екі жақтың да айыбы болған соң туындайды. Мұндайда екі тарап бірдей кінәлі болады. Сондықтан мінезі сыйыспаған адамдар осылай ренжіседі”, – дейді Баян Есентаева.
Дәл қазір ауыр соққыдан кейін продюсердің жағдайы жақсара бастаған. Ол құмды жағалауда демалып, кәсіби деңгейдегі фотосессия да жасап үлгерді. Әзірге жұртқа бет-жүзін көрсетпеді.
Естеріңізге сала кетсек, маусымның 10-ы күні Баян Есентаеваны күйеуі соққыға жығып, үш жерінен пышақтаған болатын. Артынша продюсерге 3 сағат бойы ота жасалып,күйеуі Бақытбек Есентаев қамауға алынған-ды. Қайғылы оқиға Талғар ауданын трассасында болған. Продюсер маусымның 19-ы күні ауруханадан шығарылды.