"Баум тоғайын абаттандыру кезінде бірде-бір ағаш кесілмейді". Алматы әкімдігі жұртшылыққа жауап берді

Сағыныш Сардарова 06 қаз. 2025 11:59

Баум тоғайын абаттандыру кезінде бірде-бір ағаш кесілмейді. Бұл туралы Алматы әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасына қарасты "Медеу" мемлекеттік өңірлік табиғи саябағы Баум тоғайында 104 429 ағаш және 5081 бұта бар. Олардың барлығы мемлекеттік орман қоры санатына жатады және ерекше қорғалатын табиғи аумақтың бір бөлігі.

"Қурап тұрғандардың үлесі ағаштардың жалпы санының 9%-ынан сәл ғана асады. Бұл БАҚ-та бұрын таралған "48% ағаш кесіледі" деген ақпаратты жоққа шығарады", - деді әкімдік өкілдері.

Сонымен қатар, 2026 жылы аумақты абаттандыру аясында тоғайдың жасыл қорын толықтыру және табиғи шығынды өтеу мақсатында мыңнан аса жаңа ағаш егілмек.

"Тоғайдағы жұмыстар табиғи ортаға барынша аз араласу қағидатымен атқарылады. Абаттандыруда цемент-бетон бұйымдарын қолданбай, экологиялық материалдар пайдаланылады. Экологиялық жүргінші жолақтары мен энергоүнемдегіш жарықтандыру орнатылады, сондай-ақ, қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция бекеттері мен бейнебақылау жүйелері қарастырылады. ...Жұмыс еріктілер мен демеушілер есебінен, бюджет қаражатын тартпай жүзеге асырылып жатыр. ...Қала тұрғындары мен БАҚ өкілдерінен тек ресми әрі тексерілген дереккөздерге сүйенуін сұраймыз", - деді әкімдік өкілдері.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар