Шілде айының алғашқы жексенбісінде Батыс Қазақстан облысы бүкіл елмен бірге Ұлттық домбыра күнін атап өтуде. Мерекелік іс-шаралар облыстың барлық 12 ауданында және Орал қаласында ұйымдастырылып, мыңдаған тұрғынның басын қосты. Бағдарлама аясында концерттер, шығармашылық акциялар, домбырашылар байқауы, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, марафондар, көрмелер және ауқымды флешмобтар өткізілуде, деп хабарлайды dalanews.kz.
Таңертеңнен бастап мерекелік көңіл күй қалалар мен ауылдардың орталық алаңдарында, мәдениет үйлерінде, саябақтарда және қоғамдық кеңістіктерде сезілуде. Мұнда Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина Нұрпейісова, Қазанғап сынды ұлы күйші-композиторлардың мәңгілік күйлері орындалуда.

Биыл балалар мен жастардың қатысуына ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, Бөрлі ауданында музыка мектептері мен шығармашылық үйірмелердің 300-ге жуық тәрбиеленушісі қатысқан ауқымды флешмоб ұйымдастырылды. Жас домбырашылар қазақтың әйгілі күйлерін бір мезетте орындап, ұлттық өнердің сабақтастығы мен дәстүрдің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқанын көрсетті.
Мерекелік шаралар концерттік алаңдармен ғана шектелген жоқ. Орал қаласында қоғамдық көлік те ерекше шығармашылық алаңға айналды. Қалалық автобустарда музыка мектептерінің тәрбиеленушілері жолаушыларға арнап домбырада қазақтың белгілі күйлерін орындап, жол үстінде ерекше мерекелік атмосфера сыйлады. Күтпеген музыкалық тарту қала тұрғындарының ыстық ықыласына бөленіп, жолаушылар жас өнерпаздарға қол соғып, олардың өнерін бейнежазбаға түсіріп, таныс күйлерді бірге ыңылдап отырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Ұлттық домбыра күнінің басты мақсаты – қазақ халқының бай музыкалық мұрасын сақтау, ұлттық өнерді дәріптеу және дәстүрлі күй өнеріне деген сүйіспеншілікті жас ұрпаққа жеткізу. Сондықтан дәстүрлі концерттік бағдарламалар флешмобтармен, шығармашылық акциялармен, интерактивті алаңдармен және ашық аспан астындағы өнер көрсетулермен толықтырылды.
Мерекенің шарықтау шегі кешкі уақытта Орал қаласында өтетін «Домбыра – дәуір үні» атты музыкалық марафон болмақ. Салтанатты шараға облыс басшылығы қатысады. Мерекелік кеште Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, өңірдің белгілі өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді. Кеш соңында қатысушылар қазақтың әйгілі күйлерін бірлесе орындап, ұлттық мұраға деген құрмет пен ұрпақтар сабақтастығын паш етеді.

Орал қаласының тұрғыны Ерлан Сағындықовтың айтуынша, Ұлттық домбыра күні бүгінде түрлі буын өкілдерін біріктіретін ерекше мерекеге айналған.
«Домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес. Ол – халқымыздың тарихы, мәдениеті мен ұлттық рухының символы. Балалардың домбыраны ерекше ықыласпен орындап жатқанын көргенде, ұлттық дәстүріміздің жалғасып келе жатқанын сезінесің. Осындай мерекелер жастардың өз тамырына деген құрметін арттырып, мәдени мұрамызды бағалауға тәрбиелейді», – дейді ол.

Жыл сайын Ұлттық домбыра күні еліміздегі ең ауқымды мәдени мерекелердің біріне айналып келеді. Биыл да Батыс Қазақстан облысында ұйымдастырылған мерекелік бағдарлама ұлттық музыка мен мәдениетке деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айқын көрсетіп, өңір тұрғындарын қазақ халқының рухани мұрасын айшықтайтын қасиетті домбыраның төңірегіне топтастырды.