Ресейлік телеарнада Қазақстан жайлы екі сериалы фильм шықты. Фильмде Қазақстанда «русофобия» бары, ел билігі Батыстың марионеткасы екені айтылады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Фильм авторы - Ресейдің Мемлекеттік думасының депутаты Андрей Луговой. Ол Кремль тапсырмасы бойынша 2006 жылы ресейлік саяси эмигрант Александр Литвиненконы улағанымен белгілі.
Фильм мазмұны бойынша, Ресейдің Украинаға қарсы айтылған тезистері қолданылған: Қазақстанда фашизм және «русофобия» бары, ел билігі Батыстың марионеткасы екені және Ресейге қарсы қастандықтың айналасында жүргені айтылады.
22 минутқа созылған фильмде Қазақстан Батыстың шикізат колониясына айналып бара жатыр деген ой айтылады. Тіпті қазақстандық блогер Анастасия Ахметовадан пікір алған. Блогер Қазақстан билігі – Батыстың агенттері деп айтады. Оның сөзінше, Қазақстанның мақсаты – елдегі бар байлықты сатып, елді Африкаға айналдыру.
«Біз Батыс үшін – жаңа Африкаға айналып бара жатырмыз. Батыстың нағыз агенттері министр, сенат, мәжіліс, президент аппаратында отыр. Олардың кім екенін айтпай-ақ қояйын. Бірақ сол адамдардың арқасында кейбір сарапшылар Қазақстан билігін үлгілі компрадорлық отаршылдық әкімшілік деп санайды», - дейді фильмде қазақстандық блогер.
Ресейлік журналист Денис Казанскийдің сөзінше, Украинада да 2022 жылға дейін осындай пікір тарататын блогерлер, ешкім танымайтын сарапшылар мен саясаткерлер болған. Олар Ресейдің агенті ретінде бір нәрсені қайталай берген: олар Украинада ішкі басқару екенін, билікте отырған адамдар байлықтың бәрін сатып тастайтын Батыстың адамдары екенін жиі айтқан.
«Сондықтан қазақстандықтарға айтар бір кеңесім: мұның алдын алу керек. Себебі ол адамдардың көздегені не екені белгілі. Қазір Қазақстан – Ресейдің дұшпаны деген пропаганда қатты жүріп жатыр. Яғни сол жайлы фильмдер түсіріліп, жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Блогерсымақтар Ресейге дұшпандық ойды қалыптастыру үшін көмектесіп жатыр», - дейді журналист.
Сонымен қатар, фильмде Батыстың коммерциялық емес ұйымдары Қазақстандағы «русофобтарды» қаржыландырып отырған деп айтылады. Бұл туралы фильмде халықаралық журналист Эдвард Чесноков айтқан.
«1992 жылдан бері UCAID Қазақстанға 700 миллион доллар инвестициялаған», - дейді Чесноков.
Журналист Денис Казанский қазақстандықтар ресейлік пропагандаға бей-жай қарамауы керегін айтады.
«Біз де (Украина) осы секілді пропагандаға бей-жай қарап, мән бермедік. Тіпті оған күліп, ресейліктер есінен ауысқан деп ойлайтынбыз. Бірақ мұның бәрі бекер жасалып отырған жоқ. Осылайша билік ресейліктерді Қазақстан – дұшпан ел екеніне, ол жерде дұшпандар тұратынына, оларды жазалау керек деп етін үйрете бастайды. Бұл бекер емес.
Мұндай фильмдер бекер шықпайды. Бәрі алдын ала дайындалады. Ресей Қазақстанға қарсы агрессияға дайындалып жатыр. Қазақстандықтар да бұған дайын болуы керек. Жан-жақтан оның алдын алу керек. Ең дұрысы – Украинаға көмектесу. Себебі Ресей Украинадағы соғыста жеңіске жетсе, Путин мұнымен тоқтап қалмайды. Келесі мақсат – Қазақстан», - дейді Денис Казанский.