Белгілі азаматтық белсенділерді полициямен бірігіп, жалған айыптаумен аты шыққан 54 жастағы Талғат Катауов кәмелетке толмаған қыздарға сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеті үшін 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz «Уральская неделя» басылымына сілтеме жасап.
Түркістан облысында өткен сот отырысында Катауов Қылмыстық кодекстің 122-бабының 1-бөлігі («Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер») бойынша кінәлі деп танылған.
«54 жастағы Талғат Катауовтың үстінен бірнеше рет шағым түсті. Ол алты мен он төрт жас аралығындағы бірнеше қызға қатысты азғындық әрекеттер жасаған. Алайда, іс алғашында 124-бап («Жас балаларды азғындық жолға түсіру») бойынша қаралғанымен, соңғы отырыста прокурор айыпты жеңілірек бапқа ауыстыру туралы өтініш берді», – делінген хабарламада.
Бұған дейін Талғат Катауов Батыс Қазақстан мен Түркістан облыстарындағы белсенділер арасында «құқық қорғаушылардың тапсырмасымен әрекет ететін арандатушы» ретінде танылған. Ол бірнеше рет полицияға жалған арыз түсіріп, соның кесірінен бірқатар белсенділер негізсіз айыппен әкімшілік қамауға алынған.
2000 жылдардың ортасында Катауов Бөкей ордасы ауданында мектеп директоры қызметін атқарған, бірақ оқушы қызға қатысты әдепсіз әрекеті үшін қызметтен босатылған еді. Ал 2024 жылдың тамыз айында оның туған жиені де жыныстық зорлық құрбаны болғанын мәлімдеген.
«15 жастағы жасөспірім анасына тоғыз жасынан бастап немере ағасы Талғат Катауовтың зорлығына бірнеше рет ұшырағанын айтқан. Бұл әрекеттер ата-анасы үйде жоқ кезде жасалған. Анасының арызы бойынша полиция 120-баптың 4-бөлігі («Бірнеше рет жасалған зорлау») бойынша қылмыстық іс қозғағанымен, бірнеше айға созылған тергеу нәтижесіз аяқталған. Жәбірленуші қыз полиграфиялық сынақтан, басқа да сараптамалардан өтіп, ауыр психологиялық күйзелісті бастан кешкен», – деп жазды басылым.
Сонымен қатар, қыздың анасы полиция қызметкерлерінің ісіне бірнеше рет шағым түсірген. Отбасының қаржылық мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, адвокатты мемлекет тағайындаған. Желтоқсан айында полиция департаменті Катауовқа қатысты қылмыстық істі «қылмыс құрамы анықталмады» деген негізбен жауып тастаған еді.
Қоғам өкілдері мен белсенділер бұл шешімді әділетсіз әрі тағайындалған жазаны тым жұмсақ деп бағалап отыр.