Батыс Қазақстанда ветеринариялық қызметті күшейтуге бағытталған 106 көлік берілді

Ақтоты Жапатова 10 шіл. 2025 17:06

Бүгін БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтың қатысуымен ауылдық округтердегі ветеринар мамандарға 106 бірлік қызметтік автокөліктің кілтін табыс ету рәсімі өтті,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл көліктер заманауи ветеринариялық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған және елді мекендерде ветеринариялық қызметтің жылдам әрі тиімді болуын қамтамасыз етпек.

Аталған іс-шара Мемлекет басшысының ветеринария саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Ветеринариялық ұйымдарға жаңа автокөліктерді табыстау – ауыл шаруашылығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мал ауруларының алдын алуға және ветеринариялық бақылауды күшейтуге сеп болады.

«Өңірімізде ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын ветеринариялық пункттермен, мал қорымдарымен, автокөліктермен  жабдықтау жұмыстары жүзеге асырылуда. Соңғы екі жылда халықтың өмірін қамтамасыз ететін салалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін облыстық бюджеттен 10 млрд теңгеге төтенше жағдай, орман шаруашылығы, коммуналдық шаруашылығы, ветеринария, білім мен денсаулық салаларына 700-ге жуық арнайы техникалар сатып алынған болатын. Ал биыл облыс бойынша 5 миллиард теңгеге жуық қаражатқа 200-ге жуық арнайы техника сатып алу жоспарланып отыр. Соның аясында жуырда «Батысирригация» мекемесіне 18 бірлік, бүгін ветеринариялық станцияларға 106 арнайы техника берілді», - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Бұл бастамалар өңірдегі ветеринариялық және аграрлық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар