Батыс Қазақстанда чехиялық ЖОО филиалдары ашылуы мүмкін

Ақтоты Жапатова 25 там. 2025 18:10

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Чехия техникалық университетінің вице-ректоры Олдржих Старымен кездесті,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Тараптар Чехия мен Қазақстан университеттері арасындағы академиялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Әсіресе студенттер алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру және Батыс Қазақстан облысында Чехияның жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, Қазақстан үшін білікті мамандар даярлау мен ғылыми әлеуетті нығайту тұрғысынан аса маңызды болып табылатын ядролық ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамытуға басымдық берілді.

«Біздің университеттеріміздің Чехияның жетекші жоғары оқу орындарымен белсенді түрде ынтымақтастығын қалаймыз. Білім мен ғылым өңірдің тұрақты дамуының негізіне айналуы тиіс, ал жаңа бірлескен жобалар халықаралық стандарттарға сай мамандарды даярлауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті БҚО әкімі.

Чехия техникалық университеті Еуропадағы ең көне техникалық жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. 1707 жылы негізі қаланған университет бүгінде 8 факультетті, 17 мыңнан астам студентті және ондаған білім беру бағдарламаларын қамтиды. Бұл оны ұзақ мерзімді ынтымақтастық үшін сенімді әріптес етеді.

Кездесу Қазақстан Республикасының Чехия Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар