Батыс Қазақстан облысы көктемгі егіс жұмыстарына дайындалуда

Ақтоты Жапатова 07 сәу. 2025 16:33 156

Өңірде егіс науқанына дайындық жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы дақылдарын 612,7 мың гектар алқапқа егу көзделген, деп хабарлайды Dalanews.kz

Егіс алқаптарының негізгі бөлігін дәнді дақылдар алады — 290,6 мың гектар. Майлы дақылдар 118,9 мың гектарға, картоп, көкөніс және бақша дақылдары 4,2 мың гектарға егіледі. Жем-шөп дақылдары 199 мың гектарды құрайды.

2024 жылдың күзіне қарай егіс жұмыстарына дайындық аясында 91,5 мың гектар алқапқа күздік дәнді дақылдар егілген. Оның ішінде 83,9 мың гектарға күздік бидай, 6,7 мың гектарға қара бидай және 0,9 мың гектарға тритикале себілген.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 29,4 мың тонна тұқым қажет. Облыс қажетті тұқыммен толық қамтамасыз етілген, олар зертханалық тексерістен өтіп, егуге жарамды жағдайға келтірілген.

Егіс науқанын сәтті жүргізу үшін 8,4 мың тонна дизель отыны бөлінді. Ауыл шаруашылығы жұмыстарына 3 136 трактор, 2 097 тұқым сепкіш, 646 культиватор және басқа да арнайы техника тартылатын болады.

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін 2 есе арттыру тапсырмасын орындау аясында өңірде ғылыми негізделген нормаларға сәйкес минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемін арттыру жоспарланған. 2025 жылы облыс аграршылары жоғары өнім алу үшін 8 500 тонна тыңайтқыш сатып алады.

Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық пен олардың өткізілуі барлық жоспарға сай қатаң түрде жүргізілуде. Бұл аграрлық маусымның сәтті басталуына және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыруға қажетті жағдайларды жасауға мүмкіндік береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар