Бұл пайымды Қазақстан дүнгендері республикалық этномәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі Зайнуддин Махусеев айтты. «Таяу тарихқа көз жүгіртсек те, далаға қоныс аударылып жіберілген көптеген халықтар қазақ халқының кең пейілділігінің арқасында аман қалғанын көреміз. Бұл қасиеттерді Қазақстанды мекендеген барлық этностар одан кейін бойына сіңірді», - дейді ол.
Орталық төрағасы өздерін үлкендер бала кездерінен көмек қолын созуға үйреткенін де атап өтті. Қазақстанға келген әрбір адам жергілікті халықтың мейірімділігі мен қонақжайлылығына тәнті болуы бекер емес.
Зайнуддин Махусеев екі жыл бұрын Жамбыл облысында орын алған Қордай оқиғасы барша еліміз үшін қасірет болғанын еске алды. Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен ауылдарды өзі аралап, тұрғындармен кездесті. Президенттің мұндай көңілі елдегі ұлтаралық тұрақтылықтың маңыздылығын тағы бір паш етті.
«Әрине, бұл трагедия күрделі мәселелердің бетін ашты, соның бірі – этникалық топтардың шекаралас өңірлерде қоныстануы. Сарапшылардың пікірінше, қақтығыстың өршуіне діни фактор, олардың мәдени оқшаулануы әсер етуі мүмкін еді, бірақ оның негізгі себебі болған жоқ. Мұның бәрінің негізінде арандатушылар ұлтаралық араздыққа айналдыруға тырысқан тұрмыстық жанжал жатыр», - деді дүнген ұлтының өкілі.
Сол Қордай оқиғасы этносаралық салада жүргізіліп жатқан жұмыстарға өзіндік түзетулер енгізгенін атап өткен жөн, біздің алдымызға жаңа міндеттер қойды. Бұл бағытта бүгінде барлық мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық бірлестіктер біртұтас күш болып жұмыс істеуде. Этносаралық қатынастарды басқарудың бүкіл жүйесінде терең реформа жүргізілді, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі қайта құрылды, Ақпарат министрлігі жанынан Этносаралық қатынастарды дамыту және әлеуметтік даму комитеті мен Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты ірге қалады. Этносаралық салада іргелі қолданбалы әлеуметтік сауалнамаларға енген зерттеулер жүргізу бойынша да көп жұмыстар атқарылды. Бұл шараларға сарапшылар, Ассамблеяның Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері тартылды.
«Нәтижесінде этностар жинақы тұратын барлық өңірлер зерттеліп, ұлтаралық қақтығыстардың болуы мүмкін ошақтары анықталып, құзырлы органдарға нақты ұсыныстар берілді. Осы саладағы қақтығыстардан кейінгі тұрақтандыруды ескере отырып, этносаралық қатынастар саласындағы жұмысты одан әрі үйлестіруге баса назар аударылды. Осы тақырып бойынша бірқатар аналитикалық материалдар мен әдістемелік құралдар дайындалды.
Сонымен қатар, қазір этномедиация институтын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты отандық жетекші сарапшылармен және медиаторлармен бірлесіп, этномедиаторларды, келіссөздерді жүргізушілерді, даулар мен ұлтаралық қақтығыстарды реттеу бойынша мамандарды дайындауға арналған арнайы курс әзірледі. Оқыту курсының пилоттық жобасы Жамбыл облысында қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр. Ағымдағы жылы осындай жұмыстарды еліміздің өзге өңірлерінде де жүргізу жоспарлануда», - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі.
Зайнуддин Махусеев пайымынша, ең дұрысы, Қазақстандағы этносаралық қатынастар азаматтық бірегейлікті нығайта отырып, «әртүрліліктегі бірлік» қағидасына негізделуі керек. Ассамблея қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін жүзеге асыру барысында біріктіруші факторларды бірінші орынға қоюы кездейсоқтық емес. Бұл ретте барлық этностардың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесіне ерекше мән беріліп, өскелең ұрпаққа баса назар аударылғаны абзал.
Тату-тәтті, бірлігі бекем халық болғандықтан, бәріміз де достықты жоғары бағалаймыз және әрқашан бейбітшілікте өмір сүруге шақырамыз. Бүгінгі таңда Қазақстанда түрлі этностар біртұтас отбасы болып өмір сүреді және бұл қағида Ұлы Дала тұрғындарының әрбір жүрегінде маңызды құрамдас болып қалуы тиіс.