"Барадар жоғалып кетті...". "Талибан" үкіметінде жанжал туындады

Dalanews 16 қыр. 2021 05:48 862

Ауғанстан билігін басып алған "Талибан" қозғалысында жанжал туындады. Тәліптер үкіметі жетекшісінің орынбасары, қозғалысты құрушылардың бірі Абдул Ғани Барадар жоғалып кетті. Бұл жөнінде BBC тәліптер арасындағы жоғары лауазымды шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлайды.

Дереккөздің айтуынша, Барадар босқындар ісіне жауап беретін Халил Рахман Хакканимен келіспей қалған. Екеуінің арасындағы келіспеушілік дауға ұласқан. Барадар жаңадан жасақталған үкіметтің құрылымы мен құрамына көңілі толмаған.

Негізгі даудың басы "Талибанға" жеңісті әперген кім деген сұрақ төңірегінде өрбіген. Барадар АҚШ әскерін шығару жөніндегі Доха келісімі жеңіс әкелді деген. Ол дипломатия жеңді деген.

Ал "Хаккани желісі" тобының жетекшісі Хаккани тәліптерге жеңіс әперген қарулы әскер деп атаған.

Жанжалдан кейін Барадар Кабулдан кетіп, Қандағарға барған.

Тәліптердің тарихында алғаш рет АҚШ президентімен тікелей келіссөздер жүрген дәл осы – Барадар болатын. 2020 жылы ол сол тұстағы Ақ үй басшысы Дональд Трамппен телефон арқылы тілдескен.

Бұған дейін Барадар Американың жоғары лауазымды тұлғаларымен Дохада жүздескен, соған сай АҚШ әскерінің Ауғанстан аумағын толық тастап шығатыны туралы келісімге қол қойылған.

Барадармен жанжалдасып қалған "Хаккани желісі" тобы Ауғанстанның әскерилері мен оның Батыстағы одақтастарына қарсы қанды қырғын ұйымдастырған ұйым ретінде танымал. Көптеген елдерде бұл топ террристік ұйым ретінде танылған.

Топ жетекшісі Сираджуддин Хаккани Ауғанстанның жаңадан жасақталған Үкіметінде Ішкі істер министрі болып тағайындалған.

Осының алдында бірқатар басылымдарда Барадар жанжалдан кейін ауыр жарақат алып, қайтыс болды деген ақпарат жарияланған. Бірақ 13 қыркүйекте "Талибан" аудиожазба таратты. Онда Барадардың дауысы делінген адам өзінің өлгенін теріске шығарады.



Алайда әлі ресми ақпарат жоқ. Дегенмен көптеген ауғандықтар тәліптерге сенбейді. Мәселен 2015 жылы тәліптер лидері молда Омардың өлімін екі жыл бойы жасырып келді. Екі жыл бойы оның атынан ресми мәлімдемелер таратылып тұрған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар