Бақытжан Сағынтаев Алматы жастарына арендалық тұрғын үйге құжат қабылдаудың басталғанын айтты

Dalanews 11 қар. 2021 05:58 879

«Алматы» телеарнасындағы Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирі кезінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін баспаналар бағдарламасын жүзеге асыру туралы айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қала тұрғындарының сұрақтарына жауап берген Бақытжан Сағынтаев 15 қарашаның түн ортасында 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдау басталатынын хабарлады. Өтінімдерді ағымдағы жылдың 20 қарашасында сағат 23.59-ға дейін беруге болады.

Өтінімдерді қабылдау www.almaty-jastary.info. сайтында жүргізіледі, сайтқа кіру өтініш берушілердің электрондық-цифрлық кілттері бойынша жүзеге асырылады.

Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар: жасы – 29 жасқа дейін, Алматыда соңғы екі жылдан кем емес тұрақты тіркелуі, соңғы екі жыл ішінде Қазақстан аумағында тұрғын үйінің болмауы. Бұдан басқа, соңғы 6 айда үміткерлердің ай сайынғы жалақысы 40 АЕК-тен жоғары болуы тиіс – 116 680 теңге.


Қажетті құжаттардың, жиі қойылатын сұрақтардың тізбесі туралы толық ақпарат жоғарыда көрсетілген сайтта жарияланған.

Берілетін пәтерлер Наурызбай ауданындағы «Алма Сити-5» жаңа ТК және Алатау ауданындағы «Мәдениет» ТК орналасқан. Жалпы саны – 1 050 бір бөлмелі пәтер. Жалға беру мерзімі – ұзарту құқығынсыз 5 жыл.

Бұдан басқа, қалада жастарға «Алматы жастары 3.0» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарлама бюджеті – 18 млрд теңге. Қарыздың ең жоғарғы сомасы – 18 млн теңгеге дейін, пайыздық мөлшерлеме – 5%, бастапқы жарна – 10%.

Осы бағдарлама бойынша жыл сайын 1000 жас бастапқы және қайталама тұрғын үй сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Бүгінгі таңда «Алматы Жастары 3.0» бағдарламасы бойынша 14,7 млрд теңге сомасына 868 заем берілді.


Бағдарлама білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, БАҚ, әлеуметтік салаларда жұмыс істейтін жастарға арналған. Сондай-ақ, оны жоғары оқу орындары мен ҒЗИ, құқық қорғау органдарының қызметкерлері пайдалана алады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар