Бақылаушылар референдумда дауыс беру қалай жүріп жатқанын айтты

Көркем Алдабергенова 06 қаз. 2024 10:18 1044

Бақылаушылар АЭС құрылысына байланысты өтіп жатқан референдумдағы дауыс беру процесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бақылаушылардың бірі - Өкшебаев Асхат. Ол "Дауыс" тәуелсіз байқаушылар коалициясының БҚО бойынша өкілі.

"БҚО бойынша 482 референдум учаскелік комиссиясы өз жұмысын бастады. Барлық учаскелерде байқау процесі жүруде. Мен бұл маңызды оқиғаның бөлігі болуға, дауыс беру процесін байқауға қатысқаныма қуаныштымын. Дауыс беру процесі тыныш және ұйымдастырылған түрде өтіп жатыр. Күнімізге сәттілік!", дейді Өкшебаев. 

Ракпанова Диана - "Дауыс" тәуелсіз байқаушылар коалициясының Қостанай облысы бойынша өкілі.

"Қазіргі таңда 727 референдум учаскелік комиссиясы өз жұмысын бастады. Бұған дейін оқудан өткен мамандарымыз жқмысқа кірісіп кетті", дейді бақылаушы. 

Еске салсақ, дауыс беру тізіміне 12,3 миллионға жуық қазақстандық енгізілген.

Референдумға 30 шет мемлекет пен төрт халықаралық ұйымның (Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес) атынан 177 байқаушы қатысады.

Дауыс беру барысын 14 мемлекеттің орталық сайлау органдарының өкілдері, соның ішінде Әзірбайжан, Беларусь, Тәжікстан және Өзбекстан орталық сайлау органдарының төрағалары да бақылап отыр.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 37 елден 200 шетелдік журналистерді аккредиттеді, олар да республикалық референдумды бақылап, ақпарат таратады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар