Осы орайда ел Тәуелсіздігінің 27 жылдық мерекесіне орай Түркістан облысы жастарының арасында «Түркістан жастар премиясы» байқауы басталды.
Онда елдің саяси және қоғамдық өміріне белсене араласып, облыс көлемінде мемлекеттік жастар саясатының дамуына үлес қосып, түрлі салада өзінің білімімен, талантымен, белсенділігімен топ жарған жастар іріктеліп, марапатталады.
Бүгін бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы Береке Дуйсебеков мәлімдеді.
Оның атап өткеніндей, аталған байқау — дарынды, талапты жастардың шығармашылық ізденістеріне, қоғамдық бастамаларына және тұлғалық қалыптасуына кеңінен мүмкіндіктер ашатын болады.
«Түркістан жастары премиясы» байқауында «Үздік жас жазушы», «Үздік жас айтыскер ақын», «Үздік жас дәрігер», «Үздік жас өндіріс маманы», «Үздік жас ерікті», «Үздік жас спортшы», «Бейбіт өмір батыры» сынды бірнеше аталымдар бойынша үздіктер анықталады.
Сондай-ақ, облыстық бұқаралық ақпарат өкілдері арасындағы аталымдар да болады. Қатысушылардың жас ерекшелігі 14 пен 29 жасқа дейін болуы тиіс», — деді өз сөзінде Береке Талғатұлы.
Айта кетелік Түркістан өңірінде талапты, талантты жастарды қолдау бағытындағы шаралар жыл сайын ұйымдастырылып отырады. «Түркістан жастар премиясы» байқауы да талай таланттың екінші тынысын ашары анық.