Израиль АҚШ билігіне Иран тарапынан президент Дональд Трампқа қастандық жасалуы мүмкін екеніне қатысты жаңа барлау мәліметтерін жолдаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Басылымның мәліметінше, Израиль ұсынған ақпаратта Иранның Дональд Трампты өлтіруге бағытталған жаңа жоспары болуы мүмкін екені айтылған. Алайда мақалада Израильдің АҚШ-тағы дипломатиялық миссиясы бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме бермегені көрсетілген. Сондай-ақ Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігі де The Wall Street Journal сауалына жауап бермеген.
Дональд Трамп бейсенбі күні қызмет барысында қаза табу ықтималдығын 5,2 пайыз деп бағалап, өзін Иран үшін «№1 нысана» деп атады. Сонымен қатар, Трамптың Axios порталына айтуынша, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ақ үйде кездесуге өтініш білдірген.
АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс
Еске салайық, осы аптада АҚШ әскері Иран аумағына бірқатар әуе соққыларын жасады. АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы бұл операциялар Ормуз бұғазы арқылы өткен коммерциялық кемелерге қарсы Иранның әрекеттеріне жауап ретінде жүргізілгенін мәлімдеген.
Өз кезегінде Иран әскері Бахрейн мен Кувейттегі АҚШ әскери базаларына жауап соққыларын жасағанын хабарлады. Сонымен қатар Тегеран Вашингтонды әскери іс-қимылды тоқтату туралы меморандумды бұзды деп айыптады.