Балқаш қаласында жаңа мыс қорыту зауыты салынып, 1200 тұрақты жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Үкімет Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Qazaq Smelter ЖШС арасындағы мыс қорыту зауытын салу жобасы бойынша инвестициялар туралы келісімді мақұлдады. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Жаңа өндіріс Қарағанды облысының Балқаш қаласында жүзеге асады.
Жеке инвестициялардың жалпы көлемі - 750 млрд теңге. Кәсіпорнының құрылысы 2027 жылы басталады, 2030 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Зауыттың өндірістік қуаты жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 млн тоннадан аса күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы. Жоба 1,2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуды көздеп отыр.
Айта кетейік, катодты мыс - қосылған құны жоғары өнім шығаруда негізгі шикізат. Ол электр кабельдері мен жабдықтарын, құбырларды, құрылыс материалдарын, автомобиль бөлшектерін, сондай-ақ, қола, жез және басқа да мыс қорытпаларын өндіруде қолданылады.