Балқаш қаласының Қоңырат шағын ауданындағы №3 жалпы білім беретін мектептің жабылу қаупі туындап отыр. Осыған алаңдаған ата-аналар Мемлекет басшысының әкімшілігіне хат жолдап, мектепті сақтап қалуды сұрауда, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ата-аналар балалардың қайда барып білім алатынына алаңдаулы. Олар биліктің шешім қабылдарда өз пікірлерімен санаспай отырғанына да наразы. Қоңырат ауданы үшін бұл мектеп ерекше маңызды, өйткені ол аудандағы орыс тілінде білім беретін жалғыз мекеме.
2025 жылы мектеп ғимаратына техникалық сараптама жүргізіліп, оның күрделі жөндеуді қажет ететіні анықталған. Алайда жергілікті билік жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржының жоқтығын алға тартуда.
Тәуелсіз сараптама қорытындысына сәйкес, мектеп ғимаратының жағдайы нашар, тозу деңгейі жоғары. Бұрын Қоңырат жеке елді мекен болып, кейін шағын ауданға айналғандықтан, оқушы саны да күрт азайған. Бұл мектептің "шағын комплектілі" болуына әкелген. Оқушы санының жетіспеуі де мектептің жабылуына себеп болуы мүмкін.
"Мектепке білім басқармасынан өкілдер, Балқаш қаласы әкімінің орынбасары да келді. Сараптама қорытындысы ғимараттың апат алдындағы жағдайда екенін көрсетті. Күрделі жөндеу қажет, бірақ жергілікті бюджетте қаражат жоқ дейді. 88 жылдық тарихы бар мектепте бірнеше буын білім алғанымен, осы уақытқа дейін бірде-бір рет толыққанды күрделі жөндеу жүргізілмеген. Ғимараттың іргетасы мен шатыры ғана ішінара жөнделген, оның өзі арасы 10 жылға дейін созылып отырған", – дейді жергілікті тұрғын Юлия Пикалова.
Қарағанды облыстық білім басқармасы мектеп ғимаратындағы қауіпсіздікке ерекше мән берілетінін айтады. Дегенмен №3 мектептің жабылатыны жөнінде ресми мәлімдеме жасалмаған.
"Оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында №3 мектепті уақытша Ыбырай Алтынсарин атындағы №25 жалпы білім беретін мектеппен біріктіру мәселесі қарастырылуда. Жаңа оқу жылына дайындық жоспарға сәйкес жүргізілуде. Мектептің тағдыры арнайы комиссияның қорытындысынан кейін шешіледі. Ғимарат жөндеуге жарамды болса, мектеп жұмысын жалғастырады", – дейді басқарма өкілдері.
Комиссия тексерісінің нақты мерзімі әзірге белгісіз.