Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күнінде облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары Мемлекет басшысының қолдауымен салынған Ботаникалық бақтың ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мереке күні жеткіншектерге тарту етілген Ботаникалық бақ Президент саябағы аумағында орналасқан. Бас мердігер - «Alem Qurylys AQ» ЖШС. Құрылысына 4,9 млрд теңге бөлінген, нысанның іргетасы былтыр қыркүйек айында сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен қаланған болатын.

Ашылу рәсімінде облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы балаларды мерекемен құттықтап, Ботаникалық бақ жұмысы жеткіншектердің тиімді демалысын ұйымдастыруға және тың жобаларды жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.

«Баршаңызды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бала – біздің басты байлығымыз. Білімді, дені сау, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың ортақ парызымыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұл-қыздарымыздың парасатты, жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтарымыздың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау – мемлекетіміздің басты міндеті», – деген болатын. Бүгін Президент саябағының аумағынан ашылған Ботаникалық бақ – осы ауқымды бастаманың аймағымыздағы нақты әрі жемісті көрінісі. Бақ ішіне Қытай, Оңтүстік Африка, Жапония, Оңтүстік және Орталық Америкада өсетін жасыл желек егілді. Осы арқылы жас жеткіншектерге өсімдіктердің экожүйедегі маңызы түсіндіріледі. Бұл жай ғана балалар серуендейтін саябақ емес, табиғат пен ғылымды ұштастыратын, экологиялық мәдениетті қалыптастыратын көпфункционалды кешен болмақ. Балаларымыз осы жерде табиғатпен тілдесіп, эко-жауапкершіліктің, еңбекқорлықтың шынайы үлгісін көреді. Осы бақтан біздің аймақтың ғана емес, бүкіл еліміздің экологиясын зерттейтін болашақ ғалымдар, биологтар мен агрономдар шығады деп сенеміз», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының қолдауымен Сыр өңірінде кейінгі төрт жылда 46 заманауи білім беру нысаны табысталды.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынды. Физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты, музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасы пайдалануға берілді. «Оқушылар сарайы», «Сыр жұлдыздары» академиясы, Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектептері» жас жеткіншектердің шығармашылық, зияткерлік әлеуетін арттыруға қызмет етуде. Жақында ғана жыл бойы үздіксіз қызмет көрсететін «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы балалар игілігіне айналды.