Балаларға арналған фастфуд жарнамасына тосқауыл қойылмақ

Балаларға арналған фастфуд жарнамасына тосқауыл қойылмақ
© РИА Новости

Денсаулық сақтау министрлігі балаларға бағытталған фастфуд, тәтті сусындар және құрамында қант, тұз бен қаныққан май мөлшері жоғары басқа да өнімдердің жарнамасын шектеу бойынша заңнамалық ұсыныстар әзірледі, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Үкіметке фастфудтың агрессивті жарнамасы мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. Азық-түлік өнімдерінің жарнамасы балалар мен жасөспірімдерге айтарлықтай әсер етеді. Олар жарқын қаптамаға, әлеуметтік желілердегі блогерлердің жарнамасына және басқа да маркетинг құралдарына бейім келеді.

"Министрлік құрамында тұз, қант, қаныққан және трансмай мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасын теле, радиоарналарда, әлеуметтік желілерде, сыртқы жарнама құралдарында шектеу бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірледі", - деді Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнәр Сәрсембаева.

Зерттеу дерегіне сәйкес 6-9 жас аралығындағы балалардың 23 пайызында артық дене салмағы бар, ал 6 пайызы семіздікке шалдыққан. Сонымен қатар, жасөспірімдердің 17,5 пайызы энергетикалық сусындарды апта сайын тұтынады.