Балаларды шетелдегі футбол турниріне апаруға уәде берген адам сотталды

Балаларды шетелдегі футбол турниріне апаруға уәде берген адам сотталды
pixabay.com

Астанада балаларды Испаниядағы халықаралық футбол турниріне апаруды ұйымдастырамыз деп, ата-аналардан 24 млн теңгеден астам ақша алған адам сотталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, сотталған адам ата-аналарға жас футболшылардың Испанияға «барлығы қамтылған» форматта баратынын айтқан. Ол турнирге қатысу, әуе билеттерін алу, виза рәсімдеу, балаларды алып жүру және спорттық киім сатып алу үшін ақша жинаған. Алайда алған міндеттемелерін орындамай, қаражатты өз қажетіне жұмсаған.

Іс бойынша 9 адам жәбірленуші деп танылған. Оларға келтірілген жалпы материалдық залал 24 млн теңгеден асқан.

Сот үкімімен алаяқ 3 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылды. Келтірілген залал толық көлемде өндірілді.

Прокуратура ата-аналарға балаларын шетелдегі спорттық жарыстарға жібермес бұрын ұйымдастырушылардың өкілеттігін, турнирге ресми шақыруды, келісімшарттарды, әуе билеттері мен броньды растайтын құжаттарды мұқият тексеруге кеңес берді.