Балалар - біздің болашағымыз

Dalanews 20 жел. 2023 07:02 1092

2023 жылғы 13 қарашасында Нархоз университетінің Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің ұйымдастыруымен «Кәмелетке толмаған қылмыс құрбандарының құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері» атты Нархоз университетінің 60 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция кәмелетке толмаған қылмыс құрбандарының құқықтарын қорғау сынды өткір мәселені талқылау үшін еліміздің жетекші ғалымдары, ҚР Конституциялық сотының өкілдері, жоғарғы қадағалау органы прокуратура өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, тәжірибелік мамандар, Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбір шеккендерге көмек көрсету орталықтарының мамандарының бас қосқан алқалы жиыны болды.

Конференцияға алыс және жақын шетелдердің белгілі, беделді ғалымдары: Ресей Федерациясының еңбегі сіңген қайраткері, криминалистер мен криминологтар Одағының вице-президенті, з.ғ.д., профессор О.А. Зайцев; Ресей Федерациясының еңбегі сіңген заңгері з.ғ.д., Ресей ІІМ Омбы Академиясының қылмыстық іс жүргізу кафедрасының профессоры А.М. Баранов; О.Е. Кутафин атындағы университеттің криминология және қылмыстық-атқару кафедрасының меңгерушісі з.ғ.д., профессор Е.А. Антонян; Қазақ федералдық университетінің қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының профессоры з.ғ.д. А.Ю. Епихин; РХДУ қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының профессоры з.ғ.д., Л.Р. Клебанов з.ғ.к., доцент  И.И. Белозерова, Н.А. Селезнева; Ташкент мемлекеттік заң университетінің Халықаралық құқық және адам құқықтары кафедрасының меңгерушісі PhD докторы, доцент Гафурова Нозимахон, Ф.У. Юсупова онлайн форматта өзекті мәселелерге арналған баяндамалар жасады.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында  ең күрделі мәселелердің бірі - кәмелетке толмағандарға қатысты еліміздің түкпір-түкпірінде қылмыстың өршіп, өсуі. Әртүрлі деректерге сүйенсек, 2023 жылдың қаңтар айында кәмелетке толмағандарға қатысты 227 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Өткен  жылдың қаңтар айына қарағанда 32%-ға көп қылмыс тіркелді. Өңірлер бойынша ең көп құқық бұзушылық Алматы облысында – 25. Алматы екінші орында (23), ал Түркістан облысы үшінші орында (19). Балаларға қатысты ең аз қылмыс Абай (4) және Ұлытау (3) облыстарында тіркелген. Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың түріне байланысты 16 жасқа дейінгі балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар жиі жасалады – 45 жағдай. «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бабы 24 рет, «Зорлау» және «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» 20 факті бойынша тіркелген. (Exclusive.kz Ranking сайтына сілтеме)



Құқықтық мемлекетте отбасын, ана мен баланы қорғау қажеттілігі күмән тудырмайды, сол себепті, мемлекеттің тұрақты болашағын қамтамасыз ететін қоғамның ең негізгі кепілдігі ретінде өскелең ұрпақтың мүддесі, олардың қалыпты дамуы мен жарқын балалық шағын қамтамасыз ету мәселелері бірінші орында тұруы қажет. Яғни, балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік, құқықтық, психологиялық қорғау мемлекеттік саясаттың бірінші кезектегі және маңызды міндеттерінің бірі болуы күмән туындатпайды.

Дегенмен де, елімізде кәмелетке толмағандарды қылмыстық қол сұғылмаушылықтан қорғау саласының бүгінгі таңда шешілмей отырған бірқатар өзекті мәселелері де бар, атап айтқанда: нормативтік құқықтық мәселелерде жіберілген кемшіліктер салдарынан туындап отырған, әлеуметтік көмек көрсету саласында мемлекеттік мекемелер арасындағы функциялардың дұрыс бөлінбеуі; ауылды жерлердегі білікті мамандардың жетіспеушілігі; кәмелеттік жасқа толмаған қызметкерлердің еңбекақысының төмендігі мен әлеуметтік қорғаудың төмендігі; мемлекеттік басқару органдарындағы жемқорлық; кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын артырып қоғамға бейімдейтін орталықтардың тапшылығы байқалады.

Конференция барысында спикерлердің баяндамаларынан келесідей ой сабақтауымызға болады: кәмелетке толмағандарды қылмыстық қол сұғылмаушылықтан қорғауды реформалаудың мемлекеттік-құқықтық тұрғыдан реттелуіне басты назар аударылуы тиіс. Осы тұрғыдан, Қазақстан Республикасында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғаудың құқықтық тетіктерін ашып, жан-жақты қарастыру, талдау өзекті де өткір мәселелердің қатарында.

Жас балалар мен кәмелетке толмағандардың құқықтарын нығайту мақсатында оларға қатысты жасалынған зорлық-зомбылықтың алдын алу, қылмыс құрбандарын оңалту және қолдау шараларының, сондай-ақ білім беру және оңалту бағдарламаларының тиімділігін арттыру қажеттілігі конференция қатысушыларының назарларынан тыс қалмады.

Конференцияны қорытындылай келе, конференцияға қатысушылардың өзара белсенді іс-қимылын және көтеріліп отырған мәселелерді жалпы игеру қабілетін, сондай-ақ балалар мен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы қолданыстағы қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу, азаматтық, азаматтық іс жүргізу, отбасылық және басқа да заңнамаларды және тәжірибелік жұмыстарды дамытуға маңызды әсер ететін сындарлы ұсыныстар мен ұсыныстарды әзірлеуді атап өтуімізге болады.

«Кәмелетке толмаған қылмыс құрбандарының құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері»  атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция қазіргі қоғамның ең осал мүшелерін құқықтық қорғауды жақсарту бойынша диалог пен бірлескен күш-жігердің негізгі форумы ретінде өзінің маңызын жоғалтпай, болашақта жалғасын табады деген сеніміміз мол.

 

Омарова Айман Бекмуратовна


«Нархоз университеті» КЕАҚ, Құқық және


мемлекеттік басқару мектебінің директоры орынбасары,


 доцент, з.ғ.к.


Маликова Шолпан


Балтабековна


з.ғ.к., қауымдастырылған профессо


«Нархоз университеті» КЕАҚ,


Құқық және мемлекеттік басқару мектебі


Әділғазы Серікхан


Доктор PhD, Нархоз университеті КЕАҚ,


Құқық және мемлекеттік басқару мектебі


 



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар