АҚШ-та бастауыш сынып оқушыларына бір оқу жылында 46 кітап оқу міндеттеледі. Бұл туралы Салтанат есімді блогер әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, балаларды көп кітап оқуға ынталандыру үшін мектептер арнайы жүйелі мотивация бағдарламасын қолданады. Аталған бастама оқушылардың оқу мәдениетін қалыптастыруға және олардың жеке дамуына бағытталған.
Блогердің мәліметінше, кітап саны кездейсоқ таңдалмаған. Бұл көрсеткіш оқушылар тұрып жатқан өңірдегі 46 тау шыңымен байланысты. Әр кітаптың күрделілік деңгейі тау шыңдарының биіктігіне сәйкес кезең-кезеңімен артып отырады. Кітаптардың тізімін мектептің өзі бекітеді.
“Оқушылар кітаптарды мектеп кітапханасынан немесе қалалық кітапханалардан алып оқиды. Әр кітапты аяқтағаннан кейін мектеп кітапханасының ресми сайтында тест тапсырады. Әр тест 10 сұрақтан тұрады. Егер оқушы 7 немесе одан да көп сұраққа дұрыс жауап берсе, кітап оқылған болып есептеледі. Ал талап орындалмаған жағдайда, бала кітапты қайта оқып, тестті келесі күні қайта тапсыра алады”, - дейді ол.
Оның сөзінше, балаларды ынталандыру жүйесі де кезең-кезеңімен жүзеге асады. Алғашқы кітапты оқып бітірген оқушының аты-жөні мектепте таңертең микрофон арқылы жарияланып, оған арнайы сыйлық табысталады. Бұл баланың өзіне деген сенімін арттырып, мақтаныш сезімін қалыптастырады.
“Одан кейін де әр межелік кезеңде оқушылар марапатталып отырады. Атап айтқанда, 10 кітап оқыған балаға дүкенге сертификат, 20 кітаптан кейін кинотеатрға сертификат, 30 кітаптан соң қоғамдық тамақтану желісіне сыйлық, 40 кітапты аяқтағандарға кітап дүкеніне сертификат беріледі. Ал 46 кітапты толық оқып шыққан оқушыға арнайы сертификат, клуб мүшесінің мәртебесі және естелік сыйлықтар табысталады”, - деді ол.
Салтанаттың айтуынша, бұл бастаманың ең басты артықшылығы - оның баланың болашағына тікелей әсер етуінде. Мәселен, мектепті аяқтаған соң, оқушы университетке құжат тапсырған кезде 46 кітап оқығаны туралы сертификатты жеке портфолиосына қоса алады.
“Бұл әсіресе беделді жоғары оқу орындарына түсу кезінде маңызды артықшылық ретінде қарастырылады, себебі шетелдік университеттер емтихан нәтижесімен қатар талапкердің жеке жетістіктеріне де мән береді”, - деді ол.
