Балаева қазақ қоғамына мейірім жетпейтінін айтты

Dalanews 19 нау. 2021 04:41 789

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Рухани даму және ұлттық дәстүрлерді сақтау» дөңгелек үстелі кезінде бала тәрбиесі мен қоғамда болып жатқан жағдайларға қатысты ойын айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz ақпарат агенттігі.

– Отбасы және ұлттық құндылықтардың негізінде тәрбиеленген баланың үлгерімі де, интеллектуалды күші де көп болады. Осыны қоғамға, ата-аналарға жеткізуіміз қажет. Қазір біздің қоғамда мейірім жетпейді. Бір-бірімізге жанашырлық жасауды қойдық. Ізет көрсетуді қойдық. Осының бәрі ұлтқа зиянын тигізетін дүниелер. Бұл олқылықтарды болдыртпау сіз бен біздің қолымызда, – деді Балаева.

Министрдің сөзінше, әр адамның бәсеге қабілетті болуына үш фактор әсер етеді.

– Біріншісі – денінің саулығы, екінші – біліктілігі мен білімі, үшінші – мамандық таңдауда жаңылыспай, өз-өзін табу мәселесі. Жаһандану процесінде өзінің ұлттық құндылықтарын жоғалтпау үшін рухани жаңғыруды бойына сіңіріп өскен бала болуы керек. Бұл жерде отбасының рөлі үлкен, – деді министр.


Дөңгелек үстел кезінде Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы қазақ дәстүріне жат дүниелердің қазақ тілі арқылы еніп жатқанына назар аударды.

– Бүгінде өкінішке қарай қоғамда даму процестерімен бірге дәстүрімізге жат іс-қимылдар көбейіп кетті. Оны мойындауымыз керек. Қаншама жыл Кеңес құрамында болдық, қаншама қиындық көрдік – бәрінде бізді сақтап қалған рухымыз. Ашаршылық, репрессия болды, бірақ ұлттық рух жоғалмады. Қазір әлеуметтік желі жақсы дамып келе жатыр, урбанизация тәртібін орнатып жатыр – деді депутат.

– Қазір қала қазақша сөйлейді, бірақ әрекеті еуропаша. Бұрын қала қазақша сөйлесе, қазақ құрымайды деп ойладық. Қазақша сөйлеп, қазақылықтан айырылып жатыр. Қазақы құндылықтар да бұрынғыдай емес. Қазақша сайрайды, іс-қимылы дәстүрімізге бөтен.


Бұл – урбанизация. Феминизм, көгілдір... бәрі ертең қазақтілді болып жүре береді. Урбанизация өз жасарын жасады. Бұл мәселені қазақ тілі шешпейді. Біздің дәстүрімізге жат нәрселер қазақ тілінде кіре береді, сақтайтыны тек дәстүр, – деді Берік Әбдіғалиұлы.

Отырыстың қорытындысында ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осы тұста қоғамның екіге бөлінгенін айтты.

– Біз қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Қоғам – үлкен. Біздің қоғам екіге бөлініп отыр: демократиялық қоғам, ұлттық тұрғыда өсіп-өркендеген қоғам. Абай адам баласын заман өсіреді. Кім де кім жаман болса, замандасының бәрі кінәлі деген. Бізге жат дүниелердің пайда болғанына қоғам мүшелері – бәріміз кінәліміз, – деп түйіндеді Балаева.

Сонымен қатар министр ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жандандыру қажет екенін айтты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар