Қазақстандық танымал продюсер Баян Мақсатқызы әлемдік рэп жұлдызы Канье Уэсттің Алматыдағы концертіне байланысты өз пікірін ашық айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Продюсер әлеуметтік желідегі жазбасында қазақстандық өнер иелеріне қойылатын талаптар мен шетелдік әртістерге жасалатын жеңілдіктерге наразылығын білдірді. Оның айтуынша, кезінде «КешYOU» тобының стадиондағы концерті кезінде ұйымдастырушылар бірнеше мәрте отшашу қолдануға рұқсат сұраған. Алайда бұл ұсынысқа қатаң түрде тыйым салынған.
«Біз өз концертімізде отшашу жасауға рұқсат сұрадық, бірақ үзілді-кесілді қарсы болды. Қызық әрі өкінішті жағдай. Өзімізге келгенде “болмайды”, ал Каньеге болады екен. Сонда заң алдында бәрі тең, бірақ кейбіреулер ерекше жағдай жасала ма?» – деп жазды Баян Мақсатқызы.
Продюсер сондай-ақ өз командасының әлемдік деңгейдегі шоу ұйымдастырғанын айтып, Канье Уэсттің өнер көрсету форматына қатысты да пікірін жасырмады.
«Біз шынымен де әлемдік деңгейдегі шоу жасадық. Ал Канье сфераның үстінде жүрді, ерекше күш салды деп айта алмаймын», – деді ол.
Кейін Баян Мақсатқызы бұл тақырыпта пікірталастан шаршағанын айтып, ирониямен жазбасын жалғастырды.
«Канье керемет, ол жүрмеді, ұшты. Бізге отшашудың да қажеті жоқ. Әлеуметтік желідегі пікірлерге қарасақ, көпшілік бізді “екінші сорт” деп мойындаған сияқты. Жарайсыңдар!» – деп жазды продюсер.
Қазір Францияда демалып жүрген Баян Мақсатқызы жақын арада өзінің әртістерімен екінші ірі концертті ұйымдастыруға кірісетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл концерт Астанада өтеді және билет бағасы Канье Уэсттің шоуынан әлдеқайда арзан болады.
«Менің “екінші сортты” әртістерімнің келесі концертін дайындауға кірісемін. Әрине, отшашусыз. Астанада күтеміз. Біз өзіміздің адамдар болғандықтан, билет те әлдеқайда арзан болады. Ал кәсібилігімізге күмән келтіретіндерден келмеулерін сұраймын», – деп түйіндеді ол.