Дереккөздер мен БАҚ экс-министр Бағдат Мусин "Қазақтелеком" АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалатынын жазып жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мусиннің "Қазақтелеком" АҚ басшысы болатыны туралы ақпаратты ҚазТАГ редакциясына дереккөз растаған.
Бұл туралы Telegram-арналар да жазды.
"Кейбір дереккөздер Бағдат Мусиннің күтпеген жерден "Қазақтелеком" АҚ басшысы болып тағайындалатынын жазып жатыр. Адасқан ұл оралды.
Бұрынғы басшысы президенттің кеңесшісі болып тағайындалды", - деп жазылған арналардың бірінің ақпаратында.
DALA INSIDE бұған дейін де Бағдат Мусин "Қазақтелекомға" кететінін жазған еді.
"Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жаңа жылдан кейін "Қазақтелеком" ұлттық компаниясын басқаратын болады дейді", - DALA INSIDE дереккөзі.
Мусин бірнеше жыл еліміздегі цифрландыру ісіне жауап берді.
"Мусин үшін ұлттық компанияны, әсіресе, "Самұрық-Қазына" қорына қарасты ұйымды басқару таңсық емес. Ол 2014-2017 жылдары "Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы болып қызмет еткен. Сол жылдары ол тіпті өз айлығын қысқартамын деп жастық максимализмге барған еді. DALA INSIDE дереккөзі "Мусиннің өзі Қазақтелекомға баруға қарсы емес" дейді", - деп жазған еді бұған дейін арна.