“Бағасы — 600 мың”. Матч билетін қымбатқа сатқан Еспанов пен Майғазиевтің ұлдары жұрттың сынына ілікті

Қаракөз Амантай 30 қыр. 2025 17:31

Әлеуметтік желіде әнші Нұрлан Еспанов пен Сәкен Майғазиевтің ұлдарының әрекеті жұрттың сынына ұшырады. Олар Алматыда өтетін “Қайрат” – “Реал” матчына арналған билеттерді қымбат бағада сатқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Желіде жарияланған жазбада Олжас Еспанов VIP шақыру билеттерін жоғары бағада ұсынғаны көрінеді.

“Бір билет бағасы – 600 мың теңге. 500 мыңдық билеттер де бар. Билеттер қайта сатылымға шықты. Саудасы бар аз-маз. 34 сектор, 9 қатардан екі билет бар. Әрқайсысы 500 мың теңгеден болады. “Қайрат” клубының мүшелеріне шақыру билеттер. ЖСН жазып керек емес, сканерлеп өте бересің”, – деп жазған ол. 

Сәкен Майғазиевтің ұлы Әділет те өз парақшасында билет саудасын ашық түрде жария еткен.

“9, 14, 1, 8-қатарлардан билеттер бар. Бағасы – 350 мың теңге. Тезірек жекеге жазыңыздар”, – деп хабарлаған ол.

Бұл жағдай көпшіліктің наразылығын тудырып, әлеуметтік желі қолданушылары билеттің қолдан қымбат бағаға сатылуын ашық сынға алды.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар желіде "Қайрат"-"Реал" матчіне қымбат бағада билет сата бастағаны туралы жазған едік.

Threads желісінде матчке билет сататындардың жарнамасы көбейген.

Билет бағалары әртүрлі: біреуі 170 мың теңгеге, енді бірі 500 мың теңгеге бағалаған.

"250 мың теңгеге сатып алдым, 500 мыңға сатамын. Өзім Алматыдамын, барып кіргізіп жіберемін", - деген билет сататындардың бірі.

Ең қымбат баға - 1 миллион 400 мың теңге (екі билетке)

Жазба авторы стадионға дейін кіргізіп жіберетінін, 30 пайыз мөлшерінде алдын ала төлем жасалуы керек екенін, сонымен қатар, бәрі заңды екенін айтқан.

Желі қолданушыларының басым бөлігі мұның заңсыздық екенін айтып, құзырлы органдардан тексеріс жүргізуді сұрап отыр. Әзірге "Қайрат" футбол клубы тарапынан да, құзырлы органдар тарапынан да мәлімдеме жасалған жоқ.

Бұған дейінгі жағдай

23 қыркүйекте билет сатылымы ашылды, санаулы минутта сайттарда ұзан сонар кезек пайда болды. Алматыдағы стадион шамамен 23 000 адамға арналған. Ал кезекке бірден 100 мыңнан аса жиналды.

Еске салайық, бұған дейін бір адамға 2 билеттен артық берілмейтіні, ЖСН және төлқұжат деректері көрсетілуі керек екені, бұл деректер стадионға кірген кезде де тексерілетіні айтылды.

Ал билет бағасы 30 мың мен 250 мың теңге аралығында болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар